
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің жұмыс сапары «Асыл Арман» тұрғын кешеніндегі Nomad International School жеке мектебін аралаудан басталды. Бұл – жеке инвестициялар есебінен салынған ірі жаңа білім ошағы. Мектеп 2 мың орынға есептелгенімен, бүгінде шамамен 2,5 мың оқушыны қабылдап отыр. Мемлекет оқу орнына жер телімін және негізгі инфрақұрылымды қамтамасыз етті. Білім беру төрт тілде жүргізіледі.
Келесі кезекте Береке ауылдық Мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесу өтті. Жиын алдында әлеуметтік-экономикалық даму бойынша есептер ұсынылды. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 515 млрд теңгені, инвестициялар 141 млрд теңгені құрады. Құрылыс, сауда айналымы және салық түсімдері артқаны айтылды. Карасай ауданы стратегиялық маңызды өңір ретінде аталды: мұнда ірі өнеркәсіп орындары шоғырланып, ондаған инвестициялық жоба іске асырылып жатыр.
Облыс әкімінің халықпен кездесуіне облыстық мәслихат депутаттары М. Бигелдиев, Л. Турлашов, С. Адилханов және Ж. Бектасов қатысты.
Өз сөзінде Марат Сұлтанғазиев индустриялық аймақтарды қалыптастыру, Алатау аумағын дамыту, әлеуметтік саланы жаңғырту және үш ауысымды мектептер санын азайту мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, Карасай ауданы инвестиция тарту бойынша облыста екінші орында тұр.
Ашық диалог барысында тұрғындар жолдардың жағдайы, электрмен жабдықтау, білім беру нысандарының жұмысы, пошта бөлімшесінің жоқтығы, абаттандыру, көлік қатынасы, сумен қамту және жасыл желекті сақтау жөнінде түрлі мәселелер көтерді. Әр бағыт бойынша облыс әкімі тиісті қызметтерге нақты тапсырмалар берді. Барлық ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды.
Қорытынды сөзінде Марат Сұлтанғазиев Алматы облысының біртіндеп индустриялық-логистикалық орталыққа айналып келе жатқанын атап өтті. БАКАД сияқты ауқымды инфрақұрылымдық жобалар инвестициялардың өсуін жеделдетіп отыр. Алдағы жылдары инвестиция көлемін 1,3 трлн теңгеге дейін ұлғайтып, қосымша жұмыс орындарын құру жоспарлануда. Бұл, әсіресе халқы тығыз орналасқан Карасай ауданы үшін маңызды.









