
Астана қаласының тұрғын үй кешендерінің бірінде орын алған велосипед ұрлығы оқиғасы полицияның жедел және тиімді әрекеттерінің арқасында қысқа мерзімде ашылды.
Байқоңыр ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері оқиға орнында орнатылған бейнебақылау камераларының жазбаларының көмегімен ұрыны анықтап, оны ұстауға мүмкіндік алды. Келтірілген шығын көлемі шамамен 300 мың теңгеден асады.
Күдікті көп ұзамай қолға түсіп, өз кінәсін толықтай мойындады.
Қазіргі таңда күдіктіге қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жалғасуда. Күдіктінің басқа да осыған ұқсас істерге қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Астана қаласы Полиция департаменті азаматтарды өз мүлкін қорғау үшін сақтық шараларын күшейтуге, көпқабатты үйлердің дәліздері мен ортақ кеңістіктерінде бағалы заттарды қалдырмауға және бейнебақылау жүйесін пайдалануға шақырады.









