
Түркістан облысы Полиция департаментінің Оқу-жаттығу взводының қызметкері Нұрболат Орынтай белтемірге тартылудан өткен облыстық жарыста І орынды жеңіп алды.
Спорттық іс-шара Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Е. Саденовтің тапсырмасын іске асыру аясында Түркістан қаласындағы «Эко парк» аумағында ұйымдастырылды.
«Жаңа Конституция – жастардың құқықтық мәдениеті: тәртіпке тартылу» ұранымен өткен турнирге түрлі сала өкілдерінен 100-ден астам қатысушы жиналды. Жарысқа қатысушылар жоғары дайындық деңгейін көрсетті. 29–34 жас санатында сынға түскен Нұрболат Орынтай үздік нәтиже көрсетіп, табандылығы мен спорттық шеберлігінің арқасында І орынға ие болды. Жеңімпазды Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы А. Заппаров құттықтады. Полицейге облыс әкімінің І дәрежелі дипломы табыс етілді.
Мұндай жетістіктер полиция қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып қана қоймай, бұқаралық спортты дамытуға белсенді үлес қосып, салауатты өмір салтын насихаттап, жастарға үлгі болып жүргенін айқын көрсетеді.









