Астанада «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» атты ауқымды көрме өтеді

    ·

    Астана күні қарсаңында елордада Солтүстік Қазақстанның тарихы, креативті индустриясы мен озық технологиялары тоғысатын бірегей мәдени оқиға орын алмақ. 2026 жылғы 4–5 шілде күндері «Qazaq Creative Hub» алаңында «Creative Aimaq» республикалық жобасы аясында Солтүстік Қазақстан облысының «North Kazakhstan Heritage Weekend»креативті жәрмеңкесі өтеді.
    Іс-шараның басты мақсаты – Ботай мәдениетінің тарихи мұрасын заманауи креативті экономикамен және цифрлық шешімдермен байланыстыра отырып, өңірдің әлеуетін паш ету.

    Көрме үш негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылады:

    Келушілер Ботай мәдениетінің археологиялық жаңалықтарымен, Абылай хан резиденциясының тарихымен танысып, ұлттық қолөнер шеберлерінің (қыш шеберханасы, кілем тоқу, ағаш өңдеу) жұмыстарын тамашалай алады. Сондай-ақ, «Абылай хан резиденциясы» театрландырылған қойылымы ұсынылады.

    Солтүстік Қазақстанның үздік брендтері, заманауи этностильдегі дизайнерлік киімдер мен авторлық әшекейлердің көрме-жәрмеңкесі өтеді. Бағдарламада этно-дефиле мен қолөнер шеберлерінің шеберлік сабақтары қарастырылған.

    «Цифрлық киіз үй» аймағында VR/AR, жасанды интеллект, робототехника және GameDev бағытындағы жобалар таныстырылады. Қонақтарды интерактивті квест, дрондар шоуы және өңірлік режиссерлердің кино көрсетілімдері күтеді.

    «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» көрмесі – Ұлы даланың өткені мен бүгінін байланыстыратын, жаңа идеяларға жол ашатын маңызды мәдени алаң. Іс-шара этно-концертпен және халық шеберлерінің жәрмеңкесімен қорытындыланады.

    Іс-шара туралы ақпарат:
    Өтетін орны: Qazaq Creative Hub (Астана қ., Жошы хан көшесі, 16/2)
    Уақыты: 2026 жылғы 4–5 шілде, сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін.
    Байланыс телефоны: +7-707-705-00-32 (Жалғас Досжанұлы)

    «Creative Aimaq» – Қазақстанның барлық өңірінің креативті әлеуетін ашуға, отандық брендтерді қолдауға бағытталған «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қорының республикалық жобасы.

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары