Киберқауіпсіздік: интернет-алаяқтардан сақ болыңыз!

    ·
    Киберқауіпсіздік: интернет-алаяқтардан сақ болыңыз!

    Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінде киберқауіпсіздік тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.

    Іс-шараны Шымкент қаласы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдері – полиция капитандары Бахытжан Бекбаев, Ердәулет Ералиев және Мақсат Жанысбаев жүргізді.

    Кездесу барысында азаматтарды интернет-алаяқтықтан қорғау және қаржылық қауіпсіздік ережелері кеңінен түсіндірілді. Мамандар төмендегі сақтық шараларына ерекше назар аударуға шақырды:

    🔹 Жалған қызметкерлерге сенбеңіз. Егер өзін банк, полиция, ҰҚК, Қаржылық мониторинг агенттігі, прокуратура немесе ұялы байланыс операторының қызметкері ретінде таныстырған адам қоңырау шалып, SMS арқылы келген кодты сұраса – бұл алаяқтар. Ешқашан кодты ешкімге айтпаңыз және әңгімені бірден тоқтатыңыз.

    🔹 Жалған инвестициялық ұсыныстардан сақ болыңыз. Әлеуметтік желілерде танымал тұлғалардың атынан жарияланып, аз уақыт ішінде қаржыны бірнеше есе көбейтуді ұсынатын жарнамаларға сенбеңіз. Мұндай жобалардың басым бөлігі – алаяқтық.

    🔹 Алдын ала төлем жасауға асықпаңыз. OLX, Krisha, Kolesa, Instagram және басқа платформаларда төмен бағамен ұсынылған пәтер, көлік немесе тауар үшін алдын ала төлем талап етілсе, мәміленің шынайылығын мұқият тексеріңіз.

    🔹 Банк картасын бөтен адамға пайдалануға бермеңіз. «Жеңіл табыс» ұсынып, банк картасын немесе шотыңызды пайдалануды сұрайтындар – алаяқтар. Банк картасын немесе есепшотты үшінші тұлғаға бергені үшін заңнамада қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

    🔹 Күмәнді сілтемелерді ашпаңыз. WhatsApp арқылы дауыс беру, сыйлық ұтып алу немесе басқа да сілтемелер келсе, оларды ашудан бас тартыңыз. Мұндай сілтемелер аккаунтыңыздың бұзылуына себеп болуы мүмкін. Егер танысыңыз мессенджер арқылы ақша сұраса, міндетті түрде оған телефон арқылы хабарласып, ақпараттың рас екеніне көз жеткізіңіз.

    🔹 Заңсыз делдалдық қызметтерге жүгінбеңіз. Жүргізуші куәлігін, грантты, жер телімін, тұрғын үйді немесе онлайн несиені ақылы түрде «реттеп беруді» ұсынатын адамдарға сенбеңіз. Мемлекеттік қызметтер заңда белгіленген тәртіппен ғана көрсетіледі.

    Кездесу соңында мамандар азаматтарды қырағылық танытып, жеке мәліметтерін, банк картасының деректерін және SMS-кодтарын ешкімге жария етпеуге шақырды.

    Өзіңізді және жақындарыңызды интернет-алаяқтардан қорғаңыз. Бұл ақпаратпен отбасы мүшелері мен таныстарыңызбен бөлісуді ұмытпаңыз!

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары