
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына (бұдан әрі – КҚГҚ) күдікті пациенттерді уақтылы анықтау, диагностикалау және оларға медициналық көмек көрсету бойынша медициналық ұйымдардың дайындығын арттыру мақсатында 2026 жылғы 22 маусымда Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті денсаулық сақтау ұйымдарының мамандарына арналған оқыту семинарын өткізді.
📌 Іс-шараға инфекционист дәрігерлер, эпидемиологтар, қабылдау бөлімшелерінің мамандары, қаладағы медициналық ұйымдардың және санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің аумақтық бөлімшелерінің өкілдері қатысты.
📌 Семинар барысында Қазақстан Республикасындағы КҚГҚ бойынша өзекті эпидемиологиялық жағдай, аурудың клиникалық белгілері, пациенттерді ерте анықтау алгоритмдері, медициналық көмек көрсету тәртібі, инфекция ошақтарында эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізуге қойылатын талаптар, сондай-ақ инфекциялық бақылау шараларын сақтау және медицина қызметкерлерінің жеке қорғаныш құралдарын пайдалану мәселелері қаралды.
📌 Қырым-Конго геморрагиялық қызбасының клиникалық ағымы, диагностикасы және емдеу мәселелері бойынша Астана қаласының штаттан тыс инфекционист дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты С. Атығаева баяндама жасады.
Семинарға қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.





