
Әрбір баланың қауіпсіз ортада өмір сүріп, сапалы білім алып, өз құқығының қорғалуына кепілдік берілуі – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Себебі баланың бүгінгі жағдайы – қоғамның ертеңгі келбеті. Сондықтан балалардың құқықтарын қорғау тек белгілі бір сала мамандарының ғана емес, бүкіл мемлекеттік жүйенің және қоғамның ортақ жауапкершілігі болып саналады.
Осы мақсатта Жамбыл облысында Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы құрылып, өңірдегі балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарды жаңа деңгейде үйлестіруге кірісті. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
Оның негізгі мақсаты – бала құқығын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты өңірде толыққанды жүзеге асыру, балаларды кемсітудің кез келген түріне жол бермеу және олардың құқықтарының бұзылуына жол бермейтін тиімді жүйе қалыптастыру.
Бүгінде балалардың қауіпсіздігі тек құқық бұзушылықтың алдын алумен шектелмейді. Қоғамда буллинг, кибербуллинг, тұрмыстық зорлық-зомбылық, суицидтің алдын алу, жыныстық қол сұғушылықтан қорғау, ерте жүктілік, балалар еңбегін пайдалану, әлеуметтік жетімдік, қадағалаусыз және панасыз қалу сияқты өзекті мәселелер бар. Сондықтан жаңа басқарманың қызметі осы қауіптердің алдын алуға, тәуекелдерді ерте анықтап, әрбір балаға дер кезінде көмек көрсетуге бағытталған.
Басқарма өз құзыреті шегінде балалардың құқықтарының сақталуына тұрақты мониторинг жүргізеді, қиын өмірлік жағдайға тап болған балалармен профилактикалық жұмыстар ұйымдастырады, арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж кәмелетке толмағандарды әлеуметтік оңалтуға қатысады. Сонымен қатар балалар арасындағы зорлық-зомбылықтың, буллингтің және суицидтің алдын алу шараларын үйлестіріп, білім беру ұйымдарындағы психологтар мен әлеуметтік педагогтердің жұмысын жүйелеуге басымдық береді. Зорлық-зомбылыққа немесе қатыгездікке ұшыраған балаларға кешенді көмек көрсетуді ұйымдастыру, балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау және өңірдегі балалардың құқықтық жағдайына тұрақты талдау жүргізу де басқарманың маңызды міндеттерінің бірі болып табылады.
Бұл жұмыстарды бір ғана мемлекеттік органның күшімен жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан басқарма полиция, прокуратура, сот, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, білім беру ұйымдары, қорғаншылық және қамқоршылық органдары, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және үкіметтік емес ұйымдармен тығыз әріптестік орнатады. Мұндай өзара іс-қимыл балаларға қатысты әрбір жағдайды жан-жақты қарап, тиімді әрі уақытылы шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Бүгінде басқарманың ресми сайты және Instagram, Facebook, TikTok, Threads пен Telegram желілеріндегі ресми ақпараттық ресурстары балалардың құқықтарын қорғау саласындағы өзекті ақпараттарды тарату жұмысын бастағанын хабарлайды.






