
Белгіленген тәртіпке сәйкес, бекіту үшін аудандық мәслихат депутаттарына Алтай ауданының әкімі лауазымына Еркін Тұрарұлы Тұраровтың кандидатурасы ұсынылды.
Кандидатура қаралғаннан кейін жаңа басшы ауданның белсенділері және мемлекеттік мекемелерінің басшыларымен ресми таныстырылды.
Ауданның жаңа әкімін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Дархан Бақытжанұлы Сапанов таныстырды.
Еркін Тұрарұлы 1986 жылы 1 шілдеде Шығыс Қазастан облысы Ұлан ауданының Асубұлақ ауылында дүниеге келді. Екі жоғарғы білімі бар. 2008 жылы Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін «Сәулет» мамандығы бойынша бітірді, 2020 жылы Қазақстан-Америка еркін университетін «Экономика» мамандығы бойынша тамамдады.
Еркін Тұрарұлының еңбек жолы құрылыс саласында басталды. «Промстрой» ЖШС жобалық тобында сәулетші болып істеп, кейін Өскемен қаласында мемлекеттік қызметке түсті.
Әр жылдарда әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеді, оның ішінде Өскемен қаласы құрылыс бөлімінің өндірістік-техникалық секторының жетекші маманы, сектор меңгерушісі, құрылыс бөлімі басшысының орынбасары. 2016-2017 жылдар аралығында «KazInvestStroy» ЖШС құрылыс жөніндегі директоры лауазымында қызмет атқарды.
Оның қызмет өтілінің көптеген бөлігі қалалық инфрақұрылымды дамытумен тікелей байланысты. 2017 жылы Еркін Тұрарұлы Өскемен қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды, 2019 жылдан 2022 жылды қоса алған мерзімде осы бөлімге басшылық етті.
2022 – 2024 жылдары Өскемен қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөліміне басшылық етті. 2024 жылғы сәуірден қараша айына дейін Шығыс Қазақстан облысының сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс атқарып, кейіннен осы басқарманың басшысы лауазымына тағайындалды.
Еркін Тұрарұлының артында – құрылыс, тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық, көлік, жол инфрақұрылымы, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы салаларында көп жылдық жұмыс өтілі жатыр. Оның кәсіби тәжірибесі аумақтық дамуға бағытталған міндеттерді басқару және іске асыру бойынша практикалық дағдыларды дамытуға мүмкіндік беруде.
Жаңа әкімді таныстырған Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары аумақтың одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін барлық мемлекеттік органдардың, ұйымдардың басшыларының, депутаттық корпустың және аудан тұрғындарының сындарлы өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өтті.
Еркін Тұрарұлы өз сөз кезегінде өзіне білдірілген сенім үшін алғыс айтып, өз жұмысын қоғаммен ашық диалогқа, тұрғындардың өзекті мәселелерін жедел шешуге, инфрақұрылымды дамытуға және мемлекеттік органдармен, депутаттармен, бизнес өкілдерімен және қоғаммен тиімді өзара әрекеттесуге бағыттайтынын атап өтті.
Алтай ауданында өңірді одан әрі дамыту үшін айтарлықтай әлеует пен кең мүмкіндіктер жеткілікті. Алға қойылған жоспарларды жүзеге асыру жүйелі жұмысты, жауапкершілікті және аймақтың дамуына мүдделі барлық адамдардың бірлескен күш-жігерін қажет етеді.
Еркін Тұрарұлына жаңа жауапты қызметінде табыс, саналы шешімдер, әріптестері мен тұрғындардың қолдауын, жоспарларының жүзеге асуын және Алтай ауданы мен оның тұрғындарының игілігі жолында жемісті жұмыс тілейміз!








