ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КЕҢЕСШІСІ “БАЛАУСА” БАЛАЛАР ОРТАЛЫҒЫ" КММ-СІ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

    1 / 3

    Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келген ҚР Президентінің кеңесшісі Алексей Цой бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, олардың қызметімен және тұрғындарға көрсетілетін қолдау шараларымен танысты.

    Сапар аясында ол Мирас шағынауданында орналасқан №11 «Балауса» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барды. Мұнда мекеменің тыныс-тіршілігі, балаларға жасалған жағдайлар және оларды кешенді оңалту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды.

    Жалпы ауданы 3 мың шаршы метрге жуық заманауи төрт қабатты ғимарат 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі 150 балаға бір мезгілде қызмет көрсетуге арналған. Орталықта жүйке жүйесі бұзылған және тірек-қимыл аппараты зақымданған балаларға жартылай стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынылады.

    Мекеме жұмысы балаларға әлеуметтік, медициналық, психологиялық және педагогикалық бағыттар бойынша кешенді қолдау көрсетуге негізделген. Сонымен қатар олардың оңалуына, шығармашылық қабілеттерін дамытуға, күнделікті өмірге қажетті дағдыларын қалыптастыруға және қоғамға бейімделуіне басымдық беріледі. Бүгінде орталықта 122 маман еңбек етеді.

    Аралау барысында көрсетілетін қызметтердің сапасы, орталықтың материалдық-техникалық базасы, мамандармен қамтылуы және оңалту инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру мәселелері сөз болды.

    Кездесуде әр баланың жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, оның дамуына қажетті жағдай жасау, сапалы қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және әлеуетін толық ашуға мүмкіндік беретін қолайлы орта қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді.

    Жалпы, ерекше қажеттіліктері бар балалардың сапалы өмір сүруіне, жан-жақты дамуына және қоғамға кірігуіне жағдай жасау, сондай-ақ оларды тәрбиелеп отырған отбасыларға жүйелі қолдау көрсету – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "«Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» КММ" жаңалықтары