«Жасөспірім» рейді: бір тәулікте 119 құқық бұзушылық анықталып, 114 бала полицияға жеткізілді

    1 / 2

    «Жасөспірім» рейді: бір тәулікте 119 құқық бұзушылық анықталып, 114 бала полицияға жеткізілді

    Жамбыл облысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды.

    Полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда, саябақтар мен ойын-сауық мекемелерінде рейдтер жүргізуде. Негізгі назар түнгі уақытта ата-анасының еріп жүруінсіз жүрген жасөспірімдерді анықтауға, буллинг пен өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алуға аударылған.

    Іс-шараның алғашқы күнінде ішкі істер органдарына 114 жасөспірім жеткізіліп, 119 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның 78-і балалардың түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде жүруіне, 5-і жасөспірімдерді түнде ойын-сауық орындарына кіргізуге қатысты. Екі жасөспірім балаларды қолдау орталығына орналастырылып, 10 кәмелетке толмаған мен бір қолайсыз отбасы профилактикалық есепке алынды.

    Рейд барысында балалардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайлар да анықталды. Қордай ауданында 12 жастағы жасөспірім бағдаршамның тыйым салатын сигналына қарамастан, теміржолдан жылқы өткізбек болған. Сондай-ақ түнгі уақытта қалалық саябақта ата-аналарын алдап, серуенге шыққан екі жасөспірім анықталды. Екі жағдайда да ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

    Полиция кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі ата-аналардың жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін ескертеді. Профилактикалық жұмыстар жалғасуда

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Жамбыл облысының Полиция департаменті" жаңалықтары