Жамбыл облысында сотталғандарға есірткі қылмыстарының салдары мен жаңа өмір бастау мүмкіндіктері түсіндірілді

    Жамбыл облысында сотталғандарға есірткі қылмыстарының салдары мен жаңа өмір бастау мүмкіндіктері түсіндірілді

    Жамбыл облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Тараз қалалық Жастар ресурстық орталығының, Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу кеңесінің және Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті өкілдерінің қатысуымен ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №59 мекемесінде профилактикалық кездесу өткізді.

    Іс-шараға жазасын өтеп жатқан сотталғандар мен бостандыққа шығуға дайындалып жүрген азаматтар қатысты.

    Кездесудің негізгі мақсаты – қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу, есірткі қылмыстарына теріс көзқарас қалыптастыру және құқықтық сауаттылықты арттыру.

    Әсіресе, қоғамға қайта бейімделу, заңға бағынатын өмір салтын саналы түрде таңдау және өмірді жаңа парақтан бастау мүмкіндіктеріне баса назар аударылды.

    Кездесуде сөз сөйлегендердің бірі – бұрын сотталған, бүгінде есірткіге қарсы бастамалар аясында волонтерлік қызметпен белсенді айналысып жүрген азамат. Ол өз өмірінен мысал келтіріп, тіпті күрделі қателіктерден кейін де көзқарасты өзгертіп, дұрыс жолға түсуге болатынын жеткізді.

    Ашық диалог барысында қатысушыларға есірткіні қолдану мен таратудың құқықтық салдары түсіндіріліп, қоғамға қайта бейімделу және әр адамның өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарауының маңыздылығы талқыланды.

    Сотталғандармен профилактикалық жұмыс жүргізу есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимылдың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Мұндай кездесулер өңірдегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде тұрақты түрде өткізілетін болады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Жамбыл облысының Полиция департаменті" жаңалықтары