Шетелдік сарапшы Алматының сәулеттік жаңаруына жоғары баға берді

    Алматыда сәулетшілерді, қала құрылысын жоспарлаушыларды, девелоперлер мен қала әкімдігі өкілдерін біріктірген SHARE Kazakhstan халықаралық форумы өтіп жатыр. Форум аясында сәулет саласындағы коммуникация сарапшысы, SHARE Architects компаниясының негізін қалаушылардың бірі Флорин Миндириджиу Алматының сәулеттік өзгерістеріне оң баға берді.

    Сарапшының айтуынша, Алматының табиғи ерекшеліктері қаланың сәулеттік дамуына кең мүмкіндік береді. Сондықтан жаңа жобаларды әзірлеу кезінде табиғи орта, жергілікті ерекшеліктер мен қала тұрғындарының өмір салты ескерілуі маңызды.

    «Алматының табиғаты ерекше. Қаланы қоршаған таулар, өзендер мен көркем ландшафт – үлкен артықшылық. Форумда ұсынылған жобаларға қарағанда, сәулетшілер осы ерекшеліктерді ескеріп отыр», – деді Флорин Миндириджиу.

    Сарапшы биік ғимараттар салу мәселесіне де тоқталды. Оның пікірінше, заманауи құрылыс қаланың табиғи келбетімен үйлесіп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға ықпал етуі керек.

    «Биік ғимараттарды қаланың келбетіне төнетін қауіп ретінде қабылдамау керек. Олар табиғатпен үйлесіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және жайлы өмір сүруіне жағдай жасауға тиіс», – деді сарапшы.

    Ол форумда ұсынылған жобаларда саябақтарға, көгалдандыруға, экологиялық тұрақтылыққа, жұмыс істеу мен демалуға қолайлы кеңістіктер құруға ерекше назар аударылғанын да айтты.

    Айта кетейік, бүгін Алматыда SHARE Kazakhstan халықаралық форумының екінші күні өтіп жатыр. Қатысушылар құрылыс тығыздығын оңтайландыру, биік ғимараттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық кеңістіктің сапасын арттыру және қаланы одан әрі дамыту мүмкіндіктерін талқылауда.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Алматы қаласының әкімдігі" жаңалықтары