Бауырдағы бірнеше іріңдік: алматылық хирургтер науқасты ашық отасыз емдеді

    Алматы №2 қалалық клиникалық ауруханасына бауырында бірнеше іріңді ошақ анықталған 56 жастағы науқас өте ауыр жағдайда түсті. Дәрігерлер ашық ота жасамай, шағын инвазивті әдіспен ем жүргізіп, науқастың жағдайын жақсартты.

    Тексеру нәтижесінде бауырдың бірнеше бөлігінде іріңді ошақ анықталған. Науқастың жағдайын 2-типті қант диабеті де күрделендірген.

    Хирургтер ультрадыбыстық зерттеу бақылауымен тері арқылы пункциялық дренаждау әдісін қолданды. Бес дренаждық катетер орнатылып, шамамен 200 мл ірің шығарылды. Бұл әдіс үлкен тілік жасамай-ақ, инфекция ошағын тазартуға мүмкіндік берді.

    Ота жасаған мамандар:
    - Мақсат Дүйсебеков - хирургия бөлімшесінің меңгерушісі;
    - Аман Беркінбай - емдеуші дәрігер, хирург.

    Кешенді ем мен бактерияға қарсы терапия нәтижесінде науқастың жағдайы жақсарды. Қайта жасалған компьютерлік томография іріңді қуыстардың жойылғанын растады. Науқас үйіне шығарылды.

    «Науқастың жағдайын ескерсек, ашық ота жасау үлкен қауіп төндіретін еді. Сондықтан тіндерге қосымша зақым келтірмей, іріңді ошақтарды жоюға мүмкіндік беретін шағын инвазивті әдіс таңдалды», - деді директордың хирургия жөніндегі орынбасары Ермек Желдібаев.

    Мамандар ескертеді: дене қызуы ұзақ уақыт түспесе, оң жақ қабырға асты ауырса, қатты әлсіздік байқалса, дәрігерге қаралуды кейінге қалдырмаңыз. Әсіресе қант диабеті бар адамдар денсаулығына мұқият болуы қажет.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы" жаңалықтары