Шахтинскілік 17 жастағы боксшы Қазақстан чемпионы атанды

    1 / 2

    Астанада 19 жасқа дейінгі спортшылар арасында өткен бокстан Қазақстан чемпионатында Қарағанды облысының өкілдері үш жүлделі орынға ие болды. Жарыстың басты жетістіктерінің бірі – 75 келіге дейінгі салмақта сынға түскен шахтинскілік 17 жастағы Әмір Рамазанның ел чемпионы атануы.

    Шахтинск қаласындағы бокс мектебінің түлегі финалда Алматы қаласының боксшысымен қолғап түйістірді. Шешуші жекпе-жекте қарсыласынан 5:0 есебімен басым түскен Әмір алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар ол спорт шебері нормативін орындады.

    – Бұл жеңістің мен үшін мәні зор. Оның артында ұзақ жылғы еңбек, тәртіп пен өзіме деген сенім жатыр. Мен осы мақсатқа көптен бері ұмтылып келдім. Сондықтан Қазақстан чемпионы атанып, спорт шебері нормативін орындауым спорттық жолымдағы маңызды белес болды. Финалдан кейінгі сезімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Дегенмен мұнымен тоқтап қалуға болмайтынын жақсы түсінемін. Алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындырып, әлемдік деңгейде жеңіске жеткім келеді, – дейді Әмір.

    Облыс құрамасының өзге боксшілері де жүлдесіз қалған жоқ. 85 келіге дейінгі салмақта Азатбек Тілекұлы қола медаль иеленсе, 90 келіден жоғары салмақта Осман Қуанышбек те жарыстың қола жүлдегері атанды.

    Әмір үшін бұл жеңіс – спорттық мансабындағы кезекті маңызды жетістік. Ол бұған дейін де түрлі деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындарға ие болған.

    Жас боксшының бүгінгі жетістігінің артында табанды еңбекпен қатар, әкесінің айрықша қолдауы бар. Әмір бокс үйірмесіне бес жасында барған. Содан бері әкесі Рамазан Мизамбаев оның жанынан табылып келеді. Ол – баласының жеке жаттықтырушысы әрі басты қолдаушысы.

    – Әкемнің менің жетістіктеріме қосқан үлесі зор. Ол мен үшін тек жаттықтырушы ғана емес, қандай жағдай болса да қолдау көрсетіп, дұрыс бағыт-бағдар беретін, маған әрдайым сенетін жан. Әрине, кейде пікіріміз келіспей, қиын сәттер де болады. Бірақ мұның бәрі менің дамып, шыңдалуым үшін жасалып жатқанын түсінемін. Маған осынша уақытын бөліп, күш-жігерін жұмсап жүргені үшін әкеме алғысым шексіз, – дейді жас чемпион.

    Шахтинск қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "«Шахтинск қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ" жаңалықтары