Семей қаласы прокуратурасының ғимараты жаңартылды

    1 / 12

    Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевпен бірге Семей қаласы прокуратурасының жөндеуден өткен ғимаратын аралап көрді.

    Нысан 1979 жылы салынған. Бес ай ішінде ғимаратта ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылу жүйесі мен негізгі құрылымдары жаңартылды. Бүгінде ғимарат заманауи талаптарға сай жабдықталып, қызметкерлердің тиімді әрі қолайлы жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасалған.

    Абай облысының прокуроры Нұрсұлтан Рақышев өңірдегі прокуратура органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Қазіргі уақытта Мақаншы ауданы прокуратурасының жаңа ғимаратының құрылысы басталған. Жаңасемей ауданы прокуратурасының ғимаратын салу жобасы сараптамадан өтіп жатыр. Екі нысанның құрылысын келер жылы аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ, қала және аудан прокуратуралары қызметтік көліктермен және қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз етілген.

    Аймақ басшысы прокуратура органдары қызметкерлеріне қолайлы еңбек жағдайын жасау және олардың материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы жұмыстардың жалғасатынын атап өтті.

    «Қазақстан прокуратурасының құрылғанына 35 жыл толуы және кәсіби мереке қарсаңында жаңғыртылған бұл ғимарат Семей қаласының прокуратура қызметкерлеріне лайықты тарту болды деп ойлаймын. Жөндеу жұмыстарының сапасы көңіл қуантады. Осындай жайлы әрі заманауи ортада еңбек ету, әсіресе, жас мамандарға үлкен жігер береді. Облыс әкімдігі «Заң және Тәртіп» қағидатын жүзеге асыру жолында прокуратура қызметкерлерінің нәтижелі еңбек етуіне барынша жағдай жасап келеді. Бас прокуратураның да өңірімізге көрсетіп отырған қолдауын жоғары бағалаймыз. Алдағы уақытта осы бағыттағы бірлескен жұмысымызды жалғастырамыз. Баршаңызға жауапты қызметтеріңізде табыс тілеймін», – деді Берік Уәли.

    Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев прокуратура қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен және прокуратура органдарының 35 жылдығымен құттықтап, облыс басшылығына көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді.

    «Облыс әкімдігінің, оның ішінде аймақ басшысының прокуратура органдарына көрсетіп отырған қолдауы үлкен сенімнің белгісі. Осы орайда облыс басшылығына және жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізген құрылысшыларға алғысымды білдіремін. Бүгінде прокуратура органдарының қатары жас мамандармен толығып келеді. Олардың еңбек жолын осындай қолайлы жағдайда бастауы қуантады. Жас қызметкерлеріміз прокуратура жүйесінің одан әрі дамуына, мемлекеттің нығаюына лайықты үлес қосады деп сенемін. Ең бастысы, әрбір прокуратура қызметкері өзінің негізгі міндеті халыққа қызмет ету, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау екенін терең түсінуі тиіс», – деді Ғалымжан Қойгелдиев.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының әкімдігі" жаңалықтары