Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «QH Мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту» жобасын іске асыру аясында 2026 жылғы 20 қарашада Петропавл қаласында Халықты әлеуметтік қорғау саласын дамыту ұлттық ғылыми орталығының облыстық филиалы ашылды.
Филиалдың негізгі міндеті – мүгедектігі бар балаларды үйде кешенді түрде оңалтумен қатар, ата-аналарды қолдау және оларға балаға күтім жасау мен арнайы құрылғыларды пайдалану тәсілдерін үйрету болып табылады.
Солтүстік Қазақстан облысында тірек-қимыл аппараты бұзылған 485 бала бар. Оның 227-сі Петропавл қаласында, ал 258-і облыс аудандарында тұрады.
Жоба шеңберінде әрбір баланың жеке қажеттіліктері мен қимыл-қозғалыс мүмкіндіктері ескеріліп, арнайы оңалту құралдары таңдалады. Олардың ішінде вертикализаторлар, жүруге арналған арбалар мен бейімделген орындықтар бар.
Филиал мамандары ата-аналармен бірлесіп баланың функционалдық мүмкіндіктері мен отбасының тұрмыстық жағдайын бағалайды. Осыдан кейін оңалтудың жеке мақсаттары айқындалып, балаға қажетті жабдықтар таңдалады.
Оңалтудың техникалық құралдары уақытша өтеусіз пайдалануға беріледі. Жабдықтарды бермес бұрын мамандар оларды баланың жеке ерекшеліктеріне сәйкес өлшеп, реттейді, сондай-ақ ата-аналарға құралдарды қауіпсіз пайдалану тәртібін үйретеді. Алдағы уақытта мамандар отбасыларды сүйемелдеуді жалғастырып, ата-аналарға кеңес беріп отырады және балалардың күнделікті белсенділігіндегі оң өзгерістерді қадағалайды. Қажеттілік туындаған жағдайда оңалту бағдарламасына тиісті өзгерістер енгізіледі.
Бүгінгі таңда өңірдің қажеттілігі үшін жалпы сомасы 67,7 млн теңгені құрайтын оңалтудың 17 техникалық құралы сатып алынды. Оның ішінде 5 вертикализатор, 9 жүріс арбасы және 3 бейімделген орындық бар.
Жабдықтарды сатып алу «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен Халықты әлеуметтік қорғау саласын дамыту ұлттық ғылыми орталығының қолдауымен жүзеге асырылды. Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысында оңалтудың техникалық құралдарын сатып алуға жергілікті атқарушы органдар да қатысты.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









