Президент қарағандылық фермер Сейітжапар Нығметовті марапаттады

    Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аграрлық саланың өркендеуіне елеулі үлес қосқан бірқатар ауыл шаруашылығы қызметкеріне мемлекеттік наградалар табыстады. Олардың қатарында Қарағанды облысынан «Қайнар» ЖШС директоры Сейітжапар Нығметов те бар. Оған «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.

    Марапаттау рәсімі Астанада өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III форумында өтті. Жиында Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы мамандарына еселі еңбегі үшін алғыс айтып, аграрлық саланың ел экономикасын дамыту мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі айрықша рөліне тоқталды.

    – Бүгінде аграрлық сала қызметкерлері ауылдың өркендеуіне, тұтас еліміздің дамуына қомақты үлес қосып келеді. Сіздер ата кәсіпті абыроймен жалғастырып, адал еңбектеріңізбен халықтың әл-ауқатын арттыруға атсалысып жүрсіздер. Қолайсыз ауа райына қарамастан, биыл да ел қамбасын мол азық-түлік қорымен толықтыруға мүмкіндік туды. Күзгі егін жинау науқанының нәтижесінде елімізде 24,5 миллион тонна ауыл шаруашылығы дақылы жиналды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Сейітжапар Нығметов үшін бұл марапат – отыз жылдан астам уақытқа созылған тынымсыз еңбегінің лайықты бағалануы. Ол Нұра ауданындағы «Қайнар» шаруашылығын 30 жылдан астам уақыт бойы басқарып келеді. Кәсіпорын дәнді дақылдар өсірумен және ет бағытындағы мал шаруашылығымен айналысады. Қазір мұнда егіс алқаптарын суару жүйесін дамыту жобасы қолға алынған. Бұл өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, жер ресурстарын тиімді пайдалануға да мүмкіндік береді.

    Шаруашылық басшылығы өндірісті өркендетумен қатар, ауылдың әлеуметтік өміріне де айрықша көңіл бөледі. Кәсіпорынның қолдауымен 50 орындық шағын орталық пен мәдениет үйі жөндеуден өткен. Сондай-ақ наубайхана мен мешіт салынған. Мұның бәрі ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын сақтауға, тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған.

    Сейітжапар Нығметов марапаттау рәсімінде көрсетілген құрметтің өзі үшін ерекше мәні бар екенін айтты.

    – Мемлекет басшысына, облыс және аудан әкімдеріне ауыл шаруашылығына көрсетіп отырған қолдауы үшін алғысымды білдіремін. Бұл – жай ғана моральдық қолдау емес, нақты көмек. Мәселен, жаңа техника сатып алғанда мемлекет оның құнының 25–30 пайызын субсидиялайды, минералды тыңайтқыштардың бағасын төмендетуге де жәрдемдеседі. Осындай қолдаудың арқасында ауыл шаруашылығы кәсіпорындары жұмысын кеңейтіп, дамуға мүмкіндік алып отыр, – деді Сейітжапар Нығметов.

    Мемлекеттік қолдау мен шаруалардың іскерлік бастамалары Қарағанды облысының агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға серпін беріп келеді. Өңірдегі шаруашылықтар өндіріс көлемін арттырып, машина-трактор паркін жаңартуға, егіс алқаптарын кеңейтуге және мал басын көбейтуге күш салып отыр.

    Саланың даму қарқыны экономикалық көрсеткіштерден де көрінеді. Биылғы он айда Қарағанды облысында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 445 миллиард теңгеге жетті.

    Агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тарту жұмыстары да жалғасып жатыр. Қазір облыста жалпы құны 51,5 миллиард теңге болатын 40 жоба жүзеге асырылуда. Олар толық іске қосылғанда 383 жаңа жұмыс орны ашылып, өңірдің өндірістік мүмкіндігі кеңейе түспек. Бүгінде оның 12-сі пайдалануға берілген. Құны 12,9 миллиард теңгені құрайтын бұл жобалардың арқасында 177 адам жұмыспен қамтылған.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қарағанды облысы Шет ауданы Ортау ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары