Президент ақтөбелік кәсіпкер Қуаныш Ищановты марапаттады

    1 / 2

    Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аграрлық саланың өркендеуіне елеулі үлес қосқан бірқатар ауыл шаруашылығы қызметкеріне мемлекеттік наградалар табыстады. Олардың қатарында Ақтөбе облысынан «Айс плюс» ЖШС директоры Қуаныш Ищанов та бар. Ол Мемлекет басшысының Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды.

    Марапаттау рәсімі Астанада өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III форумында өтті. Жиында Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы мамандарына еселі еңбегі үшін алғыс айтып, аграрлық саланың ел экономикасын дамыту мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі айрықша рөліне тоқталды.

    Қуаныш Ищанов үшін бұл марапат – бірнеше жылдан бергі тынымсыз еңбектің лайықты бағалануы. Ол Мәртөк ауданындағы «Айс плюс» шаруашылығының басшылығына 2015 жылы келді.

    «Мұндай үлкен марапатты Президенттің қолынан алғаш рет алып отырмыз. Бұл біз үшін үлкен дәреже әрі үлкен жауапкершілік. Біздің үлкен мекемеміз, өз фермамыз және өнім өндіретін зауыттарымыз бар. Дайын өнімдеріміз Астана, Алматы қалаларына және бүкіл Батыс Қазақстан өңіріне жеткізіледі. Бұл марапат - тек менің жеке еңбегім емес, бүкіл ұжымның еңбегі. Бұл — барлығымыздың ортақ жеңісіміз», – деді Қуаныш Ищанов.

    «Айс» компаниялар тобы – Ақтөбе облысындағы сүтті мал шаруашылығын дамытуға және отандық сүт өндірісін арттыруға үлес қосып келе жатқан кәсіпорын.

    Компанияның негізгі қызмет бағыты – сүт өндіру және мал шаруашылығын дамыту. Қазіргі таңда кәсіпорында 1 000 бас сауын сиыр бар. Жүргізіліп жатқан инвестициялық жобаның нәтижесінде бұл көрсеткішті 2 600 басқа дейін жеткізіп, жылдық сүт өндірісін 13,5 мың тоннадан 33 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланған.

    Жобаның жалпы қаржыландыру көлемі – 7,5 млрд теңге. Ол Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жылдық 2,5 пайызбен, 10 жыл мерзімге жеңілдетілген қаржыландыру негізінде жүзеге асырылуда.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының әкімдігі" жаңалықтары