Мәртөк ауданының Дмитриевка ауылына табиғи газ берілгеніне екі айға жуықтады. Көп жылдан бері көгілдір отынды күткен ауыл тұрғындары бүгінде оның игілігін көріп, әсіресе қыс мезгілі қарсаңында тұрмыстарының едәуір жеңілдегенін айтып отыр. Бұрын отын тасып, көмір жағып, күл шығарумен күн өткізген тұрғындар енді жылы үйде алаңсыз тіршілік етуге мүмкіндік алған.
Байторысай ауылдық округіне қарасты Дмитриевка ауылын газдандыру аясында 13 шақырым газ құбыры тартылып, жобаға 104 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде 57 ауладағы 185 тұрғын табиғи газға қол жеткізді.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, газдың келуі – көптен күткен арманның орындалуы. Әсіресе қысқы суықта үй жылыту үшін күн сайын пеш жағудың, отын мен көмір дайындаудың қажеті болмағаны үлкен жеңілдік.
Дмитриевка тұрғыны Наталья Капитаненко осы ауылда дүниеге келіп, өмірінің басым бөлігін туған жерінде өткізген. Оның сөзінше, бұрын отбасы үйді жылыту үшін таңғы сағат бестен бастап пеш жағуға мәжбүр болған.
«Мен 1972 жылы осы ауылда дүниеге келдім. Содан бері туған жерімде тұрып келемін. Осы уақытқа дейін үйіміз пешпен жылытылатын. Отын мен көмірді алдын ала дайындап, үйге тасып, күн сайын пеш жағатынбыз. Таңертең ерте тұрып, үй жылы болсын деп біраз әуреге түсетінбіз. Ауылымызға газ келеді дегенді көп жылдан бері күттік. Екі айдан бері табиғи газдың игілігін көріп отырмыз. Қазір таңертең жылы үйде оянамыз, күні бойы үйіміз жылы. Ең бастысы, енді отын тасып, пеш жағып, күл шығарудың қажеті жоқ. Газ плитасын да күнделікті тұрмыста пайдалану өте қолайлы. Бұрын біз үшін арман болған жағдай қазір үйреншікті тіршілікке айналды. Осындай мүмкіндікке қол жеткізгенімізге қуаныштымыз», – дейді ауыл тұрғыны.
Ал ауылда 1989 жылдан бері тұратын, жергілікті мектепте мұғалім болып еңбек ететін Наталья Мысник те газдың келуі күнделікті тұрмысқа айтарлықтай өзгеріс әкелгенін айтады.
«Ауылымыз табиғи газға қосылуды ұзақ жылдар күтті. Міне, сол күнге де жеттік. Қазір үйге келгенде жылы үй қарсы алады. Бұрын отын жағып, күл шығарып, пештің отын бақылап отыру керек еді. Қазір мұндай әуреден арылдық. Әсіресе қыс мезгілінде бұл – үлкен жеңілдік. Уақытымыз үнемделіп, үйіміздің жайлылығы артты. Көптен күткен қуанышымызға қол жеткізгеніміз үшін осы іске атсалысқан барша маманға алғысымызды білдіреміз. Ауыл тұрғындарының тұрмысын жеңілдетуге бағытталған осындай жұмыстар жалғасын таба берсін», – дейді Наталья Мысник.
Дмитриевка тұрғындары үшін табиғи газдың келуі – жай ғана жаңа инфрақұрылымның іске қосылуы емес, күнделікті өмірдің жеңілдеп, үй ішіндегі жайлылықтың артуы. Екі айдан бері көгілдір отынның рахатын көріп отырған ауыл халқы енді алдағы қысты бұрынғыдай отын мен көмір қамын ойламай қарсы алмақ.
Ауыл тұрғындарының көптен күткен тілегі орындалып, әр шаңыраққа жылу мен жайлылық келгені – инфрақұрылымды дамытудың нақты нәтижесі.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









