БӘЙДІБЕК: ҚЫСҚЫ МАУСЫМҒА ДАЙЫНДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

    1 / 9
    Аудан әкімі Ұласбек Сәдібековтың төрағалығымен 2026–2027 жылдардағы жылу беру маусымына және қысқы кезеңде автомобиль жолдарының үздіксіз қатынасын қамтамасыз етуге дайындық барысы туралы жиын өтті.
    Жиында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жандос Азизханов атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңге жоспарланған іс-шаралар жөнінде баяндама жасап, аудан аумағындағы әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз ету, қатты және сұйық отын қорын жасақтау, сондай-ақ облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы маусымда күтіп-ұстау мәселелері қаралды.
    Аудандағы білім беру саласына қарасты 50 мектеп пен 15 бөбекжай-балабақшаның жылу жүйелері маусымға дайындалған. Мектептерге қажетті 4 646 тонна қатты отын толық жеткізілген. Ал бөбекжай-балабақшаларға қажетті 470 тонна қатты отынның 370 тоннасы тасымалданған. Денсаулық сақтау саласындағы қатты отынмен жылытылатын 23 мекемеге қажетті 374 тонна отын толық жеткізілген. Сонымен қатар, мәдениет және спорт саласындағы екі спорт мектебіне қажетті 158 тонна қатты отын да толық қамтамасыз етілген.
    Жеке тұрғындарды қатты отынмен қамтамасыз ету жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Аудан бойынша тұрғындарға қажетті 4 500 тонна көмір жеке кәсіпкерлер арқылы толық жеткізілген.
    Аудан аумағындағы ұзындығы 423 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы күтіп-ұстау және қардан тазалау жұмыстары «Оңтүстік жолдары» МКК-ға жүктелген. Мекеме тарапынан қысқы жұмыстарға 7 арнайы техника әзірленуде. Шыбықбел, Мұзбел, Одаман асуларында да инертті материалдар қоры жасақталып, жылыту бекеттеріне қатты отын жеткізілген.
    Жиын қорытындысында аудан басшысы жауапты бөлімдер мен мекеме басшыларына, ауылдық округі әкімдеріне қысқы маусымға дайындық жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды.
    Атап айтқанда, әлеуметтік нысандарды үздіксіз жылумен қамтамасыз ету, отын жеткізу жұмыстарын толық бақылауда ұстау, арнайы техникалардың қысқы маусымға дайындығын қамтамасыз ету, жол бойындағы қауіпті учаскелерде инертті материалдар қорын жеткілікті деңгейде сақтау және қар тазалау жұмыстарын жедел ұйымдастыру жөнінде нақты міндеттер жүктелді.
    Аудан әкімінің баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Бәйдібек ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары