Президент Ұлытау облысының жылқышысын «Еңбек Даңқы» орденімен марапаттады

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III форумында аграрлық саланың дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады. Марапатталғандардың қатарында Ұлытау облысының тұрғыны, жылқышы Мәкіш Әменов те бар, деп хабарлайды Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты.

    Жаңаарқа ауданының тұрғыны Мәкіш Керімбайұлы Әменов көпжылдық еңбегі мен жылқы шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды.

    Мәкіш Әменов 1966 жылы 31 қазан күні дүниеге келген. Қазіргі уақытта Жаңаарқа ауданының Сәкен Сейфуллин ауылдық округіндегі «Керімбай» шаруа қожалығында жылқы шаруашылығымен айналысады.

    Ол еңбек жолын 1983 жылы мектеп бітіргеннен кейін Сәкен Сейфуллин атындағы кеңшарда жылқышы болып бастаған.

    Көпжылдық еңбегінің нәтижесінде ауыл тұрғындарының жылқы саны 100 бастан 2 мың басқа дейін өскен. Сонымен қатар жылқы шаруашылығын дамыту арқылы өзге жылқышыларды жұмыспен қамтуға үлес қосып отыр.

    Мәкіш Әменов бұған дейін де еңбегі үшін түрлі марапатқа ие болған. Атап айтқанда, 2023 жылы Жаңаарқа ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен, сондай-ақ ауыл әкімінің бірнеше Алғыс хатымен марапатталған.

    III дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені – Мәкіш Әменовтің ауыл шаруашылығы саласындағы көпжылдық еңбегіне берілген мемлекеттік награда.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ұлытау облысының әкімдігі" жаңалықтары