Рудный қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Азамат Ағатай кәсіби жолы, жауапкершілік пен қызметтің басты қағидаттары туралы әңгімеледі.
Азамат Әміржанұлы Ағатай азаматтық қорғау жүйесіндегі қызметке 27 жылдан астам өмірін арнаған.
Оның кәсіби жолы 1999 жылы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институтына оқуға түсуден басталды. 2003 жылы аталған оқу орнын «өрт қауіпсіздігі инженері» мамандығы бойынша үздік дипломмен тәмамдады. Кейін, 2009 жылы Қостанай мемлекеттік университетінде жоғары заңгерлік білім алды.
Еңбек жолын Амангелді ауданының № 33 өрт бөлімінде мемлекеттік өрт бақылау инспекторы қызметінен бастады. Кейінгі жылдары Қостанай облысының өртке қарсы қызмет бөлімшелерінде түрлі басшылық лауазымдарда қызмет атқарып, кезекші ауысым бастығынан бастап бөлімшелер басшысына дейінгі жолдан өтті. 2020 жылдың қараша айынан бастап Рудный қаласының Төтенше жағдайлар басқармасын басқарып келеді.
Азамат Әміржанұлының айтуынша, мамандық таңдау кездейсоқ болған жоқ. Көп жылғы қызмет барысында құтқарушы мамандығы тек кәсіби білімді ғана емес, сонымен қатар жоғары жауапкершілікті, сабырлылықты және күрделі жағдайларда дұрыс шешім қабылдай білуді талап ететініне көз жеткізген.
Ол өз жұмысында тәртіпке, сенімділікке және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше мән береді. Өйткені әрбір төтенше жағдайға шығудың артында алдын алу, бөлімшелердің әзірлігін қамтамасыз ету және адам өмірін қорғау бағытындағы күнделікті жұмыс тұр.
Кәсіби жолындағы маңызды тіректердің бірі – оның отбасына деген сүйіспеншілігі мен қолдауы. Жақындары оның таңдаған жолын қолдап, қызметтің ерекшелігін түсінеді.
Бүгінде ол Рудный қаласының Төтенше жағдайлар басқармасына басшылық етуді жалғастырып, жинақтаған тәжірибесін жас қызметкерлерге үйретіп, таңдаған мамандығына адалдығын өз ісімен көрсетіп келеді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.






