2026 жылғы 17 қарашада Адал азамат аясында Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Халықаралық студенттер күніне орай жұмыс берушілермен «Бүгінгі студент – ертеңгі әділдік қорғаушысы!» тақырыбында кездесу өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – болашақ заңгерлердің кәсіби бағдарын қалыптастыру, құқық қорғау және әділет органдары өкілдерімен тәжірибе алмасу арқылы студенттердің мамандыққа деген қызығушылығын арттыру, жұмыс берушілермен өзара байланысты нығайту, сондай-ақ оқу, ғылыми және қоғамдық қызметте жетістікке жеткен жастарды қолдау.
Жиынның ашылуында Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов студенттерді Халықаралық студенттер күнімен құттықтап, олардың университет өміріндегі белсенділігі мен жетістіктеріне тоқталды. Сонымен қатар білім алушылардың кәсіби дамуына қолдау білдіріп, тәжірибелерімен бөлісуге келген құрметті қонақтарға алғысын білдірді.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті, Атырау облысы Полиция департаменті, Әділет департаменті және Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының өкілдері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты.
Кездесу аясында Атырау облысы Әділет департаменті «Заң клиникасы» студенттерін құқықтық сауаттылықты арттыруға және заң клиникасының қызметінде белсенді үлес қосқаны үшін алғыс хаттармен марапаттады.
Мұндай кездесулер студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға, болашақ мамандардың кәсіби қалыптасуына және мемлекеттік органдар мен жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









