Үш iPhone-ды 400 мың теңгеге сатқан: жалған смартфон саудасымен айналысқан күдікті ұсталды. Қарағанды облысында арзан бағаға түпнұсқа iPhone ретінде жалған смартфондар сатқан күдікті ұсталды. 24 жастағы азаматтың бірнеше алаяқтық дерегіне қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Тергеу мәліметінше, Атырау облысының тұрғыны ауыл-аймақтарды аралап, арзан көшірме смартфондарды түпнұсқа құрылғы ретінде ұсынып, сатып алушыларды алдап келген. Оның құрбаны Қарағанды облысындағы ауылдардың бірінде тұратын 40 жастағы әйел болды. Сатушы үш iPhone телефонын небәрі 400 мың теңгеге ұсынған. Әйел бастапқыда құрылғылардың түпнұсқалығына күмәнданғанымен, IMEI-кодын тексергеннен кейін күдігін сейілткен. Сатып алушы өзінде 300 мың теңге ғана бар екенін айтып, қалған соманы таныстарынан қарызға алғанша күте тұруды өтінген. Алайда сатушы қолда бар ақшаға келісіп, қалған соманы күтпестен оқиға орнынан кетіп қалған. Кейін әйел телефондарды арнайы дүкенге апарып, егжей-тегжейлі тексерткен. Мамандар үш құрылғының да жалған екенін анықтаған. Олардың нақты нарықтық құны 30 мың теңгеден аспайтыны белгілі болды. Жәбірленушінің арызы бойынша алаяқтық фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Бұқар жырау аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, ол Жамбыл облысының аумағында ұсталды. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды. Полицейлер оның өңір аумағында жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеріп жатыр. Айта кетейік, алданған әйел әлеуметтік желіде жазба жариялап, полиция қызметкерлеріне жедел әрекеті мен көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірген.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









