Астанада ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты басталды

    1 / 9

    Астанадағы «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде ерлер мен әйелдер арасында ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионатының ашылу салтанаты өтті. Ел біріншілігіне еліміздің 16 командасынан 165 спортшы қатысып жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

    Ашылу рәсіміне ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов және ауыр атлетика федерациясының президенті Гаджи Гаджиев қатысты.

    Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов ауыр атлетиканың Қазақстан спорт тарихында өзіндік орны бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазақстандық зілтеміршілер халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Әсіресе жас спортшылардың жетістіктері көңіл қуантады.

    Ол елордалық ауыр атлетика мектебінің өкілдері Едіге Емберді мен Аңсар Тұрсымбектің жетістіктеріне де тоқталды.

    «Бүгін елордамызда еліміздің 16 командасынан 150-ден астам спортшының басын қосқан Қазақстан чемпионатының өтуі – біз үшін зор мәртебе. Бұл дода жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, тәжірибесін молайтуына, өз мүмкіндіктерін танытып, үлкен спортқа нық қадам басуына жол ашады деп сенемін», – деді Ерік Мейірханов.

    Өз кезегінде ауыр атлетика федерациясы вице-президенті Сергей Цырульников мұндай деңгейдегі республикалық жарыстың Астанада көптен бері өтпегенін айтты. Оның сөзінше, елімізде ауыр атлетика қарқынды дамып келеді. Бұған чемпионаттың ашылуына екі сағат қалғанда елордада қалалық ауыр атлетика федерациясының жаңа мамандандырылған залының ашылуы дәлел.

    Қазіргі кезеңде ұлттық федерацияның басты стратегиялық міндеттерінің бірі – спортшылардың Олимпиада ойындарына жолдама алуына жағдай жасау және халықаралық аренада табысты өнер көрсетуіне қолдау білдіру.

    Айта кетейік, Қазақстан чемпионаты 16–22 қараша аралығында өтеді. Ерлер сегіз салмақ дәрежесінде: 60, 65, 70, 75, 85, 95, 110 және 110 келіден жоғары салмақта бақ сынайды. Әйелдер 49, 53, 57, 61, 69, 77, 86 және 86 келіден жоғары салмақ дәрежелерінде өнер көрсетеді.

    Жарыс жеңімпаздары 22 қарашада анықталады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары