Елорда балабақшасында «Бала инженер» жобасы жүзеге асырылуда

    1 / 2

    Мемлекет басшысы алдағы жылды «Халықтық құрылыс» жылы деп жариялады. Осы бастама аясында елордадағы мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың құрылысқа, сәулет пен инженерлік шығармашылыққа қызығушылығын ерте жастан қалыптастыруға бағытталған жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – №3 «Күншуақ» балабақшасындағы «Бала инженер» жобасы, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

    Жобаның негізгі мақсаты – мектеп жасына дейінгі балалардың инженерлік ойлау қабілетінің алғышарттарын қалыптастыру, кеңістіктік елестетуін дамыту және техникалық шығармашылыққа баулу. Бұл ретте балалар құрылыс пен құрастыруды ойын арқылы меңгеріп, өз идеяларын тәжірибе жүзінде жүзеге асыруға мүмкіндік алады.

    Жоба аясында құрастыру, модельдеу және қарапайым зерттеу әрекеттері өзара ұштастырылған. Балалар ағаш конструкторлардан түрлі нысандар құрастырып, көлемді құрылымдар мен жол макеттерін жасайды. Осы арқылы пішін, өлшем, кеңістіктегі орналасу және бөлшектердің өзара байланысы туралы түсініктерін тәжірибе жүзінде қалыптастырады.

    Сондай-ақ дайын макеттер негізінде сюжетті ойындар ұйымдастырылады. Балалар қозғалыс бағытын таңдап, әрекеттерінің ретін жоспарлайды, құрастырған нысандарын қосымша бөлшектермен толықтырады. Мұндай тапсырмалар олардың логикалық ойлауын дамытып, салыстыруға, себеп-салдарлық байланысты анықтауға және туындаған мәселенің шешімін табуға үйретеді.

    Жобада заманауи технологияларды қолдануға да ерекше мән берілген. Атап айтқанда, педагогтер көрнекі тапсырмалар әзірлеу барысында жасанды интеллект құралдарын әдістемелік көмекші ретінде пайдалануды көздейді. Бұл оқу үдерісін балалардың жас ерекшелігіне сай ұйымдастырып, олардың қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.

    «Бала инженер» жобасының басты ерекшелігі – баланың дайын үлгіні қайталауымен шектелмей, өз идеясын ұсынып, оны нақты іске айналдыруына жағдай жасау. Өз шешімін сынап, жетілдіру барысында бүлдіршіндер жасаған жұмысын түсіндіруге, өзгелердің ұсынысын ескеруге және ортақ нәтижеге жауапкершілікпен қарауға дағдыланады.

    Осылайша, «Халықтық құрылыс» жылы аясындағы бастама құрылыс саласына қызығушылықты арттырумен қатар, балалардың ізденімпаздығын, шығармашылық әлеуетін және еңбекке құрметін қалыптастыруға бағытталған. Өйткені болашақ маманның алғашқы қадамы балабақшадағы қарапайым құрастыру ойынынан басталуы мүмкін.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары