Ұрпаққауіпсіздігі - басты назарда
Бала – біздің болашағымыз. Сондықтан да барлық баланың құқығы мен қауіпсіздігін қорғау басты құндылық болып саналады. Қай шаңырақта болсын, ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріліп, оның болашағының дұрыс қалыптасуы үнемі назарда болуы тиіс.
Нақты дерекпен айтар болсақ, қазіргі уақытта елімізде 7 миллионға жуық бала бар. Бұл халықтың үштен бір бөлігі деген сөз. Демек, бала құқығы туралы сөз – ұлттың болашағы туралы сөз.
Жыл басында қабылданған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы (2026-2030 жылдарға арналған) еліміздегі балалардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған ұлттық стратегия ретінде маңызды рөл атқарады. Бұған дейін білім, денсаулық, әлеуметтік қорғау салаларында бөлшектеніп кеткен бала құқығы, бала қамқорлығына байланысты мемлекеттік бағдарламалар бір жүйелі стратегиялық құжатқа біріктірілді.
Қазақстанда Баланың құқықтары жөніндегі уәкіл институты ресми түрде 2016 жылғы 10 ақпанда енгізілді. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын бақылайды, балалардың қауіпсіздігін нығайтып, оларды зорлық-зомбылықтан қорғайды. Соңғы жылдары елімізде «111» байланыс орталығының жұмысы қолға алынып, мектептердегі қауіпсіздік сабақтары, психологиялық қолдау орталықтары сияқты нақты механизмдер қалыптаса бастады. Бұның бәрі мемлекеттің қамқорлығын, бала тағдырына бейжай қарамайтын жауапкершілігін және алдын алу мәдениетіне бет бұрғанын білдіреді.
Осы тұрғыда жаңадан құрылған Абай облысының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының негізгі басым бағыттарының бірі балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жүйесін жетілдіруді назарға алады. Бала құқығын қорғау басқармасы, бұл жай ғана жаңа мемлекеттік органның құрылуы емес.
«Ең алдымен атап өтер жайт, алғаш рет заңнамалық деңгейде балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі жеке уәкілетті органдардың мәртебесі бекітілді. Бұл жаңа жүйеде кейс-менеджмент институты енгізіліп, қызметкерлердің жұмысына қойылатын талаптар қайта қаралған. Жаңа жүйе балаларды қорғау философиясын түбегейлі өзгертеді. Бұрын отбасы бірнеше мемлекеттік органға өздігінен жүгініп, өзі көмек іздеп, түрлі қызметтердің жұмысына өзі жүгінуге мәжбүр болатын. Енді қорғауды қажет ететін әр балаға жеке кейс-менеджер бекітіледі. Ол жеке сүйемелдеу жоспарын әзірлеп, мамандардың жұмысын үйлестіреді және ведомствоаралық өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді. Облыс бойынша 15 кейс менеджер арнайы «Өркен институтының» курсынан өтті. Басқарма қызметкерлеріне заң аясында кең құқықтар берілді, енді басқарма мамандары кәмелетке толмаған балалар орналасқан мемлекеттік органдарға, білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт ұйымдарына еш кедергісіз кіріп, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына мониторинг жүргізе алады. Сонымен қатар басқарманың заңды қызметіне кедергі келтіргендерге әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Мұндай жағдайда айыппұл салынады» дейді Абай облыстық балалардың құқықтарын қорғау басқармасының қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің басшысы Жаңылсын Еркен қызы.
Басқарма қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясына, Баланың құқықтары туралы заңына және еліміздің БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясы аясындағы халықаралық міндеттемелеріне сүйенеді. Тағы бір атап өтер жайт, баланың құқықтары бұзылған жағдайда облыс тұрғындары ең алдымен бірыңғай 111 байланыс орталығына хабарласа алады. Сонымен қатар Балалардың құқығын қорғау басқармасының Instagram желілеріндегі ресми парақшалары жұмыс істейді.
Абай облысының балалар құқығын қорғау басқармасы.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







