Қазақстанда сабаққа жиі қатыспайтын оқушыларға бақылау күшейтіледі. Бұл туралы NUR.KZ Алматы қаласының Бала құқықтарын қорғау басқармасына сілтеме жасап хабарлайды.
Басқарманың ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, балаларды есепке алу және мектептегі буллингтің алдын алу жөніндегі жаңартылған қағидалар 21 қарашадан бастап күшіне енеді. Осыған байланысты Қазақстанда 18 жасқа дейінгі балалар туралы бірыңғай деректер базасы құрылады.
«Базаға мектеп оқушылары, мектепке дейінгі жастағы балалар, біліммен қамтылмаған балалар, сондай-ақ дәлелді себепсіз сабақтан жүйелі түрде қалатын оқушылар туралы мәліметтер енгізіледі. Сабаққа тұрақты қатыспау туралы ақпарат полиция органдарымен ай сайын келісіліп, әр айдың 10-на дейін Ұлттық білім беру деректер базасына енгізіледі», – деп хабарлады Алматы қаласының Бала құқықтарын қорғау басқармасы.
Сонымен қатар буллинг жағдайларына ден қою тәртібі де өзгереді.
«Білім беруді басқару органдары буллинг туралы келіп түскен ақпаратты бір жұмыс күні ішінде тіркеуге міндетті. Сондай-ақ мектептер психологиялық қолдау көрсетуді ұйымдастыруы тиіс», – деп толықтырды басқарма өкілдері.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









