Отандық өндірісті дамыту және қолдау мәселелері қаралды

    1 / 6

    Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Досжан Әлібековтің мәліметінше, 2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,3 трлн теңгені құрады. Нақты көлем индексі 101,1%-ға жетті. Қазіргі таңда облыста өнеркәсіп саласында 4 500-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Онда 45,6 мың адам еңбек етеді.

    Тау-кен өндіру өнеркәсібінде 3,1%-ға өсім тіркелді. Өндіріс көлемі 1,3 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 211 млрд теңгеге артты.

    Өңдеу өнеркәсібінде жыл басынан бері 835 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Нақты көлем индексі 99,3%-ды құрады.

    Фармацевтика саласында (НКИ – 296%), құрылыс материалдарын өндіруде (123,1%-ға өсіп, 63,1 млрд теңгеге жетті) және химия өнеркәсібінде (118%-ға өсіп, 98,6 млрд теңгені құрады) оң динамика байқалады.

    Досжан Әлібековтің айтуынша, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру мақсатында бірқатар ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Олардың қатарында цемент зауыттарын, шыны ыдыс, картон және қағаз, алкогольсіз сусындар өндіретін кәсіпорындар салу, сондай-ақ теміржол инфрақұрылымы мен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жобалары бар.

    Сонымен қатар жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында өнеркәсіптің алты саласындағы 16 ірі кәсіпорынды жаңарту жоспарланған. Жобаларға салынатын инвестицияның жалпы көлемі 12,9 млрд теңгені құрайды. Нәтижесінде 80-нен астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Жобалар өндірістік жабдықтарды жаңартуды, процестерді автоматтандыру мен цифрландыруды, жаңа технологияларды енгізуді және өндірістік қуаттарды кеңейтуді қамтиды.

    Жиында жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мәселесіне де баса назар аударылды. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша ірі кәсіпорындар мен ұйымдардың сатып алу көлемі 648 млрд теңгені құрады. Жергілікті қамту үлесі 52,2%-ға жетіп, 2025 жылғы көрсеткіштен 2,8 пайыздық тармаққа артты.

    Жыл басынан бері қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізіліміне өңірдегі 80-нен астам кәсіпорын енгізілді. Олар 2 400 атаудағы өнім шығарады. Бұдан бөлек, жалпы сомасы 73,5 млрд теңгені құрайтын 9 офтейк-келісімшарт және 54 ұзақмерзімді шарт жасалды.

    Отырыс барысында шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары да қаралды. «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында жалпы несие көлемі 4,5 млрд теңгені құрайтын 107 жобаға қолдау көрсетілді.

    Облыс әкімі отандық өндірісті дамыту, өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру және импортқа тәуелділікті азайту өңірдің экономикалық саясатының негізгі басымдықтарының бірі болып қала беруге тиіс екенін атап өтті.

    «Біздің басты міндетіміз – жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын сақтап қана қоймай, олардың жұмысын кеңейту, жаңа кәсіпорындар ашу және бәсекеге қабілетті отандық өнім шығаруға жағдай жасау. Өңірдің қолда бар өндірістік әлеуетін барынша пайдаланып, жергілікті кәсіпкерлерді қолдау және импорттық тауарларға тәуелділікті жүйелі түрде азайту қажет», – деді Асхат Шахаров.

    Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі өңдеу өнеркәсібін дамыту және өндіріс көлемін ұлғайту жөнінде нақты жоспар әзірлеуді, жұмыс істеп тұрған өндірістік қуаттарды толық жүктеу және жаңа кәсіпорындарды іске қосу мүмкіндіктерін айқындауды тапсырды.

    Сондай-ақ жергілікті тауар өндірушілердің өнім өткізу нарығын кеңейту жұмыстарын жандандыру, олардың қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізіліміне енгізілуіне қолдау көрсету және өңір кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету мәселелерін пысықтау міндеттелді.

    Кәсіпорындарда туындаған проблемаларды анықтап, оларды шешудің нақты тетіктерін әзірлеуге де басымдық беріледі.

    Отандық өндірісті дамыту және қолдау бағытындағы жұмыстар жаңа деңгейге көтерілуі тиіс.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының әкімдігі" жаңалықтары