1 / 19
17 қараша – Халықаралық студенттер күніне орай Сарыағаш аудандық мәдениет үйінде студент жастарға арналған мерекелік фестиваль өтті.
Мерекелік іс-шараға аудан әкімі Арман Абдуллаев қатысып, студенттерді айтулы мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Аудан әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Бүгінгі жастар – Қазақстанның келбеті. Біздің қандай ел боларымыз өскелең ұрпаққа байланысты» деген тағылымды сөзін келтіре отырып, жастардың ел дамуындағы айрықша орны мен жауапкершілігіне тоқталды. Сондай-ақ жастардың отаншыл, білімді, еңбекқор әрі жауапкершілігі жоғары болуы ел дамуының басты кепілі екенін жеткізіп, студенттерді үнемі ізденуге, білім алуға және қоғам өміріне белсене атсалысуға шақырды.
Іс-шара аясында «Студенттік лига – 2026» спорттық ойындарының жеңімпаздарына аудан әкімінің кубогы табысталды. Сонымен қатар білімде үздік нәтиже көрсетіп, ауданның қоғамдық-мәдени өміріне белсене араласып жүрген студенттер арнайы марапаттарға ие болды. Сондай-ақ аудандағы 6 колледжге сертификаттар табысталды.
Фестиваль барысында студент жастар әсем ән шырқап, әсерлі сахналық қойылымдар ұсынды. Жастардың өнері мерекелік кештің көркін аша түсіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Айтулы мерекеге арналған фестиваль студенттердің білім, спорт және шығармашылық бағыттағы жетістіктерін дәріптеп, жастардың талантын танытуға, қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған мазмұнды әрі тағылымды шараға айналды.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









