2025 жылғы шілде айынан бастап Қазақстан Республикасында медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің ерекше тетігі енгізілді. Аталған пилоттық жоба мүгедектікті белгілеу бойынша мемлекеттік қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, бизнес-процестерді оңтайландыруға, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қорғау шараларын уақтылы ұсынуды қамтамасыз етуге бағытталған.
Аталған тетікті енгізу бірлескен бұйрықпен регламенттелген және қызметті сырттай-проактивті форматта көрсетуді көздейді. Негізгі жаңашылдықтардың бірі – қызмет көрсету мерзімінің қысқартылуы. Жобаға сәйкес, медициналық-әлеуметтік сараптама актісінің жобасы келіп түскен сәттен бастап ұсынылған құжаттар қаралып, сараптамалық қорытынды бір жұмыс күні ішінде шығарылуы тиіс. Бұл рәсімді Сарапшылар тізіліміндегі медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысы – экстерриториялық сарапшы жүзеге асырады.
Қазіргі кезеңде пилоттық жоба аурулардың нақты белгіленген нозологиялық нысандарын ғана қамтиды. Олардың қатарына кейбір туа біткен және жүре пайда болған қайтымсыз ақаулар (аяқ-қолдың болмауы немесе ампутациясы), Даун синдромы, сондай-ақ балалардағы мукополисахаридоз жатады.
Осы санаттағы адамдарды сараптамаға жіберу кезінде медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдаманы толтыру үшін қажетті міндетті тексерулер жүргізіліп, объективті деректер жиналуы көзделген. Жобаны іске асыру шеңберінде дәрігерлік-консультациялық комиссияның (ДКК) төрағасына медициналық құжаттаманың дұрыс ресімделуіне, ұсынылатын мәліметтердің толықтығы мен дұрыстығына, сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес құжаттарды жолдаудың белгіленген талаптары мен мерзімдерінің сақталуына дербес жауапкершілік жүктелген.
Аталған тетіктің тиімді іске асырылуын қамтамасыз ету үшін медициналық ұйымдардың мамандары белгіленген регламенттер мен құжаттарды ресімдеуге қойылатын талаптарды қатаң сақтауы қажет.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









