Маңғыстауда ҚАЖ мекемесіне насыбай өткізу әрекеті тоқтатылды

    Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті №77 мекемеде тергеу изоляторында отырған адамға тыйым салынған затты беруге жасалған әрекеттің жолы кесілгенін хабарлайды.

    Мекемеге танысымен кездесуге келген азаматтың алып келген заттарын тексеру барысында қызметкерлер екі қалташа насыбайды анықтады. Белгілі болғандай, ер адам аталған заттарды тергеу үстіндегі азаматқа беруге әрекеттенген.

    Мекеме қызметкерлерінің қырағылығы мен кәсіби әрекеттерінің арқасында тыйым салынған зат дер кезінде анықталып, оны беруге жол берілмеді.

    Аталған дерек бойынша материалдар Ақтау қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында қаралды.

    Сот азаматты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 481-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп таныды.

    Кінәсін толық мойындауы, жасаған әрекетіне өкінуі және ауырлататын мән-жайлардың болмауы ескеріліп, сот 30 275 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салу туралы шешім қабылдады.

    Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаменті қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттар мен бұйымдарды беруге әрекет жасау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.

    ҚАЖ департаментінің мекемелерінде белгіленген тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ тыйым салынған заттардың мекеме аумағына өтуіне жол бермеу мақсатында тексеру және профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіледі.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті" жаңалықтары