МАЭК ұжымына Президент Жолдауының басым бағыттары түсіндірілді

    Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының (МАЭК) қызметкерлерімен Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын түсіндіру мақсатында кездесу өтті. Жиынға Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі және Маңғыстау облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов, Маңғыстау облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оңайбек Әбділов, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі, эколог Кирилл Осин, сондай-ақ «Әділет» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Анар Шамшадинова қатысты. Кездесу барысында спикерлер биылғы Жолдаудың ел болашағы үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті. Елдегі экономикалық реформалар мен әлеуметтік жаңғырудың табысты жүзеге асуы тікелей қоғамдық келісім мен бірлікке байланысты екені сөз болды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жиі көтеріп жүрген қоғамның дамуына кедергі келтіретін кеселдер - есірткіқұмарлық, ойынқұмарлық, отбасындағы зорлық-зомбылық және ысырапшылдыққа қарсы бірлесе күресу қажеттігі айтылды. Жиында еліміздің көлік-логистикалық әлеуеті мен энергетика саласындағы өзекті мәселелерге ерекше назар аударылды. Бүгінде Қытайдан Еуропаға бағытталған жүктің 85 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтетіндіктен, шекарадағы өткізу бекеттерінің, соның ішінде Өзбекстанмен шекарадағы «Тәжен» пунктінің өткізу қабілетін арттыру міндеті тұр. Сондай-ақ әлемдік уран өндірісінің 40 пайызын қамтамасыз етіп отырған Қазақстан үшін ішкі электр энергиясы тапшылығын жою мақсатында Атом электр станциясын (АЭС) салудың маңыздылығы талқыланды. Сонымен қатар Кендірліде салынып жатқан жаңа әуежайды іске қосу, транзиттік әуе кеңістігін тиімді пайдалану және ЮНЕСКО тізіміне енген жер асты мешіттері арқылы өңірдің туристік әлеуетін дамыту мәселелері қозғалды. Кездесу барысында Қазақстан халық кеңесінің мүшесі, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов комбинат ұжымымен кездесудің стратегиялық маңызына және өңірде салынатын жаңа әлеуметтік нысанға кеңінен тоқталды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті" жаңалықтары