Астанада италиялық жазушы Карло Коллодидің «Пиноккионың басынан кешкен оқиғалары» шығармасының қазақ тіліндегі толық аудармасының тұсаукесері өтті. Кітап алғаш рет итальян тіліндегі түпнұсқадан тікелей аударылып, автордың туғанына 200 жыл толуы қарсаңында жарық көрді.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әли, Италияның Қазақстандағы елшісі Антонелло Де Риу, Алматыдағы Италия мәдениет институтының директоры Эдоардо Кризафулли, Карло Коллодидің туғанына 200 жыл толуын атап өту жөніндегі Ұлттық комитеттің төрағасы Джордано Бруно Герри, сондай-ақ баспа саласының өкілдері, жобаның серіктестері мен оқырмандар қатысты.
Тұсаукесер барысында вице-министр Рустам Әли Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Ол балалар әдебиетін дамытуға, баспа ісін қолдауға және аударма ісін өрістетуге ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Осы тұрғыдан алғанда, «Пиноккионың басынан кешкен оқиғалары» шығармасының қазақ тіліндегі толық аудармасының жарық көруі жас ұрпақтың кітап оқуға қызығушылығын арттыруда және әлем әдебиетінің үздік туындыларын көпшілікке қолжетімді етуде айрықша маңызға ие.
Кітапты Steppe & World Publishing баспасы Италияның Қазақстандағы елшілігінің, Алматыдағы Италия мәдениет институтының және ForteBank-тің қолдауымен әзірледі. Баспа 2018 жылдан бері балалар мен ересектерге арналған 200-ден астам кітап шығарып, қазақ тіліндегі аударма әдебиеттің дамуына үлес қосып келеді.
Іс-шара барысында иллюстратор Сұлтанбек Айтжанов қазақстандық басылымға арнайы салған авторлық суреттерін таныстырды. Қатысушылар Карло Коллодидің әдеби мұрасын, оның шығармаларының әлемдік балалар әдебиетіндегі маңызын және екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








