Екібастұзда оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған іс-шара өтті.
"Заң мен тәртіп" тұжырымдамасы мен "Айқын нәтиже" жобасы аясында Екібастұз қаласындағы №11 орта мектепте оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және заңға құрметпен қарауға тәрбиелеуге бағытталған танымдық іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шараға Екібастұз қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұрғазы Жәмшитов қатысты. Ол оқушыларға ақыл-кеңесін айтып, білім жолында табысқа жетіп, биік белестерді бағындыруларына тілектестік білдірді.
Бағдарлама аясында оқушылар құқықтық квестке қатысып, өздерінің құқықтары мен міндеттері, қауіпсіз мінез-құлық қағидалары және құқық бұзушылық үшін көзделген жауапкершілік туралы білімдерін ортаға салды.
Сондай-ақ спорттық эстафеталар ұйымдастырылып, балалар жылдамдық пен ептіліктерін, командалық жұмыс және өзара қолдау дағдыларын көрсетті. Көңілді байқаулар мен түрлі тапсырмалар іс-шараның мазмұнын толықтыра түсті.
Мұндай кездесулер жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастырып, бойларында жауапкершілік пен азаматтық ұстанымды нығайтуға, заң талаптарын құрметтеуге ықпал етеді.
Полиция қызметкерлері білім беру ұйымдарымен бірлескен профилактикалық жұмыстарды жалғастырып, жас ұрпақтың құқықтық тәрбиесіне және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға басымдық беріп келеді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









