Алматы облысында "Ауыл қорғаны" жобасы іске қосылды

    Алматы облысында үш жедел қызмет біріктірілген алғашқы "Ауыл қорғаны" бекеті ашылды.

    Алматы облысының Іле ауданына қарасты Нұрғиса Тілендиев ауылында ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған "Ауыл қорғаны" пилоттық жобасы іске қосылды. Өңірде алғаш рет полиция, өрт сөндіру бөлімшесі және жедел медициналық жәрдем қызметі бір ғимаратқа орналастырылды.

    Жаңа формат шұғыл жағдайларға жедел ден қоюға, арнайы қызметтердің оқиға орнына жету уақытын қысқартуға және тұрғындарға қажетті көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

    Бекет жұмысында полиция қызметіне де ерекше мән берілген. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тұрақты болуы қоғамдық тәртіпті сақтауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюға жағдай жасайды.

    Жоба Алматы облысы әкімінің қолдауымен және жеке инвесторлардың қаржыландыруымен жүзеге асырылды. Бастаманың қолға алынуына бүгінде 20 мыңға жуық тұрғыны бар Қараой ауылдық округі халқының қарқынды өсуі де негіз болған.

    Іс-шара барысында жаңа бекеттің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында жедел медициналық жәрдем қызметіне Hyundai Staria көлігінің, ал полицияға Kia Sorento патрульдік автокөлігінің кілттері табысталды.

    – "Ауыл қорғаны" бекетінің ашылуы – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және түрлі қауіп-қатерге дер кезінде ден қоюға бағытталған "Заң мен тәртіп" қағидатын іске асырудағы маңызды қадам. Үш жедел қызметтің бір жерде орналасуы олардың өзара іс-қимылын үйлестіріп, тұрғындарға көмекті жедел көрсетуге мүмкіндік береді, – деді Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеев.

    Үш қызметтің бір орталыққа бірігуі ведомствоаралық байланысты нығайтып қана қоймай, ауылдық жерлерде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа моделін қалыптастыруға жол ашады.

    – Жобаның басты мақсаты – тұрғылықты жеріне қарамастан, әрбір тұрғынның қажетті көмекті уақытылы алуына және өзін қауіпсіз сезінуіне жағдай жасау, – деп атап өтті Мейрам Әбікеев.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі" жаңалықтары