Қазақстанда халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары (бұдан әрі – ХЖШТ) үшін объектінің қолжетімділік талаптарына сәйкестігі туралы декларация – құрылысы аяқталған объектіде орындалған жұмыстардың бекітілген жобалық құжаттамаға және мемлекеттік нормативтердің талаптарына сәйкестігін растайтын құжат.
Қолжетімділікті қамтамасыз ету бөлігінде аталған декларация мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі басқа да топтары үшін көзделген талаптардың орындалғанын растайды.
Халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарына мыналар жатады:
- кресло-арбамен жүріп-тұратын мүгедектігі бар адамдар;
- егде жастағы адамдар;
- өз бетінше жүріп-тұру кезінде қиындықтарға тап болатын адамдар;
- балалар арбасымен жүретін ата-аналар;
- жүріп-тұру мүмкіндігі уақытша шектелген адамдар;
- көру және есту қабілеті бұзылған адамдар.
Келісудің негізгі қағидалары мен тәртібі
Келісуді кім жүзеге асырады?
2026 жылғы 1 шілдеден бастап мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі басқа да топтары үшін объектілердің қолжетімділігін қамтамасыз ету бөлігінде сәйкестік туралы декларацияларды келісу жөніндегі өкілеттіктерді Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменттері жүзеге асырады.
Қарау мерзімі:
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 76-бабына сәйкес өтініш 15 жұмыс күні ішінде қаралады.
Объектіге барып тексеру:
Өтінішті қарау шеңберінде уәкілетті органның мамандары халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін объектінің нақты қолжетімділік деңгейін бағалау мақсатында объектіге барып тексеру жүргізеді.
Тексеру нәтижелері бойынша объектінің қолжетімділік жөніндегі белгіленген талаптарға сәйкестігі бағаланады.
Сәйкессіздіктер анықталған жағдайда өтініш берушіге анықталған ескертулер мен оларды жою қажеттілігі көрсетілген дәлелді бас тарту беріледі.
Өтініш беруге қажетті құжаттар
Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
- мердігер (бас мердігер) қол қойған сәйкестік туралы декларация;
- объектінің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар бөлігіндегі жобалық құжаттама;
- объектіні фотофиксациялау материалдары;
- жобада көзделген қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралардың орындалғанын растайтын өзге де құжаттар (бар болса).
Объектіні тексеру барысында не бағаланады?
Объектіге барып тексеру жүргізу барысында мамандар мынадай талаптардың сақталуын бағалайды:
- іргелес аумақ пен объектіге кіреберіс жолдардың қолжетімділігі;
- кіреберіс тобының жабдықталуы: пандустардың, тұтқалардың болуы және еңсеруге келмейтін кедергілердің болмауы;
- есік ойықтары мен дәліздердің ені, кресло-арбамен жүріп-тұру мүмкіндігі;
- санитариялық-тұрмыстық үй-жайлардың қолжетімділігі;
- ақпараттық көрсеткіштердің, тақтайшалардың және тактильді навигация құралдарының болуы;
- қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін жобада көзделген техникалық құралдар мен жабдықтардың болуы;
- мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі басқа да топтарының қауіпсіз әрі өз бетінше жүріп-тұру және қызметтерді алу мүмкіндігі.
Маңызды!
Қолжетімділік жөніндегі белгіленген талаптарға сәйкессіздіктердің анықталуы анықталған ескертулер жойылғанға дейін сәйкестік туралы декларацияны келісуден бас тартуға негіз болып табылады.
Ескертулер жойылғаннан кейін өтініш беруші декларацияны келісу үшін аумақтық департаментке қайта жүгінуге құқылы.
Қолжетімді орта – бұл жай ғана формальдылық емес, әрбір адамның қоғамдық инфрақұрылым мен көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізуін қамтамасыз етудің қажетті шарты.
Қосымша ақпарат алу үшін мына мекенжайға хабарласуға болады:
Павлодар қаласы, Астана көшесі, 59.
«Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті» РММ.
Телефон: 32-06-45.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









