Жаңа буынның тілінде: Ұлттық ұлан Академиясының офицері әлеуметтік желіде өз тәжірибесімен бөлісіп келеді

    1 / 6

    Петропавлдағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланы Академиясының оқу батальоны командирі Әлімжан Тасмағамбетов жастармен тәрбие жұмысын жүргізудің өзіндік тәсілін қалыптастырған. Оның негізінде әрбір әскери қызметшімен тіл табысып, жаңа буынның қызығушылығы мен көзқарасын түсіне білу қағидаты жатыр.

    20 жылдан астам әскери қызметінде подполковник Әлімжан Тасмағамбетов курсанттан оқу батальонының командиріне дейінгі жолдан өтті. Осы уақыт аралығында Алматы, Өскемен және Астана қалаларындағы әскери бөлімдерде тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмысқа байланысты түрлі лауазымдарда қызмет атқарды.

    Оның пайымдауынша, тәрбие тәсілдері заман ағымына сай жаңарып отыруы керек. Өйткені уақыт өткен сайын жастардың қызығушылығы, ойлау жүйесі мен талап-тілегі де өзгереді. Сондықтан командир үйреншікті әдістермен шектелмей, әрбір курсантпен ортақ тіл табуға ұмтылады. Жастардың қызығушылығын дұрыс бағыттай білсе, заманауи цифрлық платформалар мен кең тараған қарым-қатынас форматтарын да тәрбие жұмысына тиімді пайдалануға болады.

    Подполковник бұл жұмысын Академия қабырғасынан тыс жерде де жалғастырып жатыр. Ол Instagram және TikTok әлеуметтік желілерінде alim_tasmagambetov атымен парақшалар жүргізеді. Онда әскери қызмет туралы әңгімелеп, тәжірибесімен бөліседі, тәрбие жұмысының қыр-сырын, жеке құраммен жұмыс істеу тәсілдерін көрсетеді. Қазіргі уақытта оның Instagram желісіндегі оқырмандарының саны 23 мыңнан, ал TikTok желісіндегі жазылушылары 15 мыңнан асады.

    Оқырмандарының арасында Академия түлектерінің орны ерекше. Бүгінде олар еліміздің түкпір-түкпіріндегі Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде қызмет етіп жүр. Жас офицерлер өз тәлімгерінің жұмысын әлеуметтік желі арқылы бақылап, тәжірибесін зерделеп, алған білімдерін жеке құраммен жұмыста қолдануда.

    Әлімжан Тасмағамбетовтің бұл тәжірибесі Ұлттық ұланда қалыптасып келе жатқан үрдістің бір көрінісі. Қазір офицерлердің көбі кәсіби қарым-қатынас орнату үшін цифрлық платформаларды игеріп жүр. Әлеуметтік желілер тәжірибе алмасудың, пайдалы әдіс-тәсілдерді таратудың және ұландықтардың әр буыны арасындағы байланысты нығайтудың қосымша алаңына айналып жатыр.

    Мұндай жұмыс әскери құндылықтарды жастарға түсінікті тілде жеткізуге және арақашықтыққа қарамастан, кәсіби ортаның бірлігін сақтауға мүмкіндік береді.

    Айта кетсек, заманауи әдістер әскери қызметтің дәстүрлі негіздерін алмастырмайды. Жарғы талаптары, тәртіп пен жеке жауапкершілік өзгеріссіз қалады. Қарым-қатынас құралдары мен тәсілдері жаңарғанымен, офицердің басты міндеті – білікті, жауапты әрі өз ісіне адал ұландықты тәрбиелеу.

    ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы" жаңалықтары