Қызылжар ауданында аграрлық білім беруді дамыту және оқушыларға кәсіби бағдар беру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бескөл №2 мектебінің базасында кезекті агросыныптың салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Іс-шараға Қызылжар ауданының әкімі Бейбіт Исманов, салалық мемлекеттік органдардың, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының өкілдері, педагогтер мен қоғам өкілдері қатысты.
Агросыныптарды ашудағы басты мақсат – оқушыларға ерте кезеңнен кәсіби бағдар беру, ауыл шаруашылығына деген қызығушылығын арттыру және заманауи аграрлық технологиялар туралы тәжірибелік білім қалыптастыру. Мұнда оқушылар өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, агрономия негіздерімен және ауыл шаруашылығын жүргізудің заманауи әдістерімен таныса алады.
Салтанатты шарада аудан әкімі ауыл шаруашылығы саласына жас ұрпақтың қызығушылығын арттырудың маңыздылығына тоқталды. Себебі бұл сала Қызылжар ауданы экономикасының негізгі бағыттарының бірі саналады.
«Ауыл шаруашылығы – ауданымыздың жетекші салаларының бірі. Бүгінде жинақталған тәжірибені сақтап қана қоймай, заманауи технологияларды меңгеріп, аграрлық саланы дамытуға қабілетті жаңа буын мамандарын даярлау маңызды. Агросыныптар оқушылардың қабілетін ашуға және болашақ мамандығын таңдауға жол ашатын жақсы алаңға айналады деп сенемін», – деді Бейбіт Исманов.
Кезекті агросыныптың ашылуы – мектеп пен ауыл шаруашылығы саласы арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған тағы бір маңызды қадам. Мұндай білім беру алаңдары оқу үдерісін экономиканың нақты қажеттіліктерімен ұштастырып, ауылдық аумақтардың одан әрі дамуына қажетті кадрлық әлеуетті қалыптастыруға ықпал етеді.
Ауданда аграрлық білім беруді дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







