Қарасай ауданы, Елтай ауылдық округіне қарасты Береке ауылының дәрігерлік амбулаториясында ауыл тұрғындарының қатысуымен «Әлеуметтік желідегі радикалды контенттен қорғану жолдары» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындарға, әсіресе жастарға, интернет кеңістігіндегі радикалды және экстремистік мазмұндағы ақпараттардың қауіптілігін түсіндіру, жалған діни насихаттың алдын алу және ақпаратты дұрыс саралай білу мәдениетін қалыптастыру болды. Кездесу барысында әлеуметтік желілер мен түрлі интернет платформаларында таралатын күмәнді ақпараттарға сын көзбен қарау, тек ресми әрі сенімді дереккөздерге жүгіну қажеттігі кеңінен түсіндірілді.
Сонымен қатар мамандар жастардың сыни ойлау қабілетін дамыту, ақпараттық қауіпсіздікті сақтау және интернетті сауатты пайдалану қазіргі қоғам үшін маңызды екеніне тоқталды. Радикалды идеологияны насихаттайтын контенттердің психологиялық әсері мен оның қоғам тұрақтылығына тигізетін зияны туралы да айтылды.
Шара ашық диалог форматында ұйымдастырылып, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды. Ақпараттық-түсіндіру жұмысына Алматы облысы Дін істер басқармасының ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы маман Жетпісбай Назерке Жетпісбайқызы қатысты.
Осындай кездесулер тұрғындардың ақпараттық сауаттылығын арттыруға, жастар арасында діни экстремизмнің алдын алуға және қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етеді.
Материал Алматы облысының терроризмге қарсы комиссиясының ақпараты негізінде дайындалды
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









