Жамбыл ауданында «open air» форматында профилактикалық шара өтті

    Ұзынағаш ауылындағы «Ұзынағаш орталық базары» маңында орналасқан жұмыссыздар алаңында уақытша еңбекпен қамтылмаған азаматтар арасында деструктивті діни ағымдардың ықпалынан сақтануға бағытталған атаулы ақпараттық-профилактикалық іс-шара өткізілді.

    Кездесуді Алматы облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының қатысуымен өткізілді.

    Профилактикалық қызметтің нысаналы аудиториясы ретінде тұрақты жұмыс орны жоқ азаматтардың таңдалуы терең әлеуметтік-психологиялық талдауға негізделген. Тұрақсыз табыс, әлеуметтік белгісіздік және психологиялық қысым жағдайында жүрген тұлғалар деструктивті діни ұйымдардың идеологтары үшін негізгі нысанаға айналу қаупі жоғары. Жат ағымдардың өкілдері мұндай азаматтардың материалдық және рухани тығырыққа тірелген сәттерін өз мүдделеріне пайдаланып, «жалған бауырмалдық» пен материалдық көмек ұсыну арқылы радикалды құрылымдарға тартуға тырысады. Осыған байланысты, аталған секторда жедел ағарту шараларын ұйымдастыру өңірдегі әлеуметтік-діни тұрақтылықты сақтаудың маңызды бағыты болып табылады.

    Жиын жабық аудиторияда емес, тікелей азаматтар шоғырланған ашық аспан астындағы «open air» форматында өтті. Бұл тәсіл маманға алаңдағы азаматтармен ешқандай ресми кедергісіз, бетпе-бет сенімді диалог құруға мүмкіндік берді. Әңгімелесу барысында қатысушыларға интернет кеңістігіндегі күмәнді жұмыс хабарландыруларының астында жасырынған радикалды топтардың арбау әдістері, діни экстремистік ұйымдардың психологиялық манипуляциялары және мемлекеттік ресми діни ақпарат көздерінің тізімі жеткізілді.

    Акция аясында қатысушыларға қоғамдық орындарда діни мазмұндағы заңсыз материалдарды қабылдамау ережелері мен заңнамалық жауапкершіліктер нақты көрсетілген арнайы ақпараттық-анықтамалық брошюралар мен үлестірмелі жадынамалар таратылды.

    Еркін форматта ұйымдастырылған «сұрақ-жауап» сессиясы барысында жиналған азаматтар өздерін мазалаған әлеуметтік-діни сұрақтарын қойып, маманнан заң шеңберіндегі ғылыми негізделген кеңестер мен заңдық бағдар алды.

    Материал Алматы облысының терроризмге қарсы комиссиясының ақпараты негізінде дайындалды

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы" жаңалықтары