Мобилизациялық дайындық туралы азаматтар не білуі тиіс?
Мобилизациялық дайындық — бұл мемлекеттің қорғаныс пен қауіпсіздікке байланысты ықтимал төтенше жағдайларға дайындығын қамтамасыз ету үшін жүргізетін іс-шаралар кешені.
Бұл жұмыста жергілікті атқарушы органдар маңызды рөл атқарады. Әкімдіктер халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді және азаматтарды мобилизация жарияланған жағдайдағы іс-қимыл тәртібі туралы хабардар етеді.
Әрбір азамат нені білуі тиіс?
Қазақстан Республикасының азаматтары тұрғылықты жері бойынша әскери есепте тұруға міндетті.
Сондай-ақ заңнамада белгіленген тәртіппен әскери билетті немесе шақыру учаскесіне тіркеу туралы куәлікті уақтылы алу қажет.
Шақыру қағазын алған кезде азамат жергілікті әскери басқару органына келуге міндетті. Бұл оның әскери қызметке тағайындалуын анықтау үшін қажет.
Мобилизациялық нұсқамалар мен шақыру қағаздарына ерекше назар аударған жөн. Егер азамат мұндай құжатты алса, ол онда көрсетілген талаптарды орындауға міндетті.
Мобилизация жарияланғанда не болады?
Мобилизация кезеңінде азаматтар заңнамада белгіленген тәртіппен әскери қызметке шақырылуы мүмкін.
Бұдан бөлек, мемлекеттің қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында азаматтар қажетті жұмыстарды орындауға тартылуы немесе арнайы құрылымдарға есепке алынуы мүмкін.
Заңда сонымен қатар қорғаныс муқтаждықтары үшін азаматтардың жер учаскелерін, ғимараттарын, құрылыстарын, көлік құралдары мен өзге де мүлкін пайдалану мүмкіндігі көзделген. Мұндай жағдайда мемлекет олардың құнын белгіленген тәртіппен кейіннен баламалы түрде өтеуді қамтамасыз етеді.
Маңызды ескерту
Әскери есепте тұрған азаматтарға мобилизация жарияланған сәттен бастап тиісті жергілікті әскери басқару органы басшысының рұқсатынсыз тұрғылықты жерінен кетіп қалуға тыйым салынады.
Сондықтан әскери есепке алу құжаттарының бар-жоғын, дербес деректердің өзектілігін алдын ала тексеріп, ресми шақыруларға уақтылы ден қою маңызды.
Белгіленген талаптарды сақтау — әрбір азаматтың міндеті және елдің жалпы мобилизациялық дайындығының маңызды бөлігі.
Материал «Мобилизациялық дайындық және мобилизация туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 маусымдағы № 127-1 Заңы негізінде дайындалды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







