Жоба аясында 619 га жерді суармалы егіс алқабына айналдыру көзделіп отыр. Мұнда тоғыз жаңбырлатып суару қондырғысы орнатылып, төрт ұңғыма бұрғыланады және екі сорғы станциясы салынады. Оның бірі резервтік мақсатта пайдаланылмақ. Суармалы егіншілікке қажетті судың көлемі - 320 мың тонна.
Бірінші кезеңде көкөніс дақылдарын өсіруге 300 га жер бөлінеді. Оның ішінде 200 га жерге сәбіз, 100 га алқапқа картоп егіледі. Бірінші жылдың өзінде 10 мың тоннаға дейін сәбіз және 5 мың тонна картоп жинау жоспарланып отыр. Алдағы уақытта өндірістік қуаттылықты жылына 100 мың тонна сәбіз және 50 мың тонна картопқа дейін жеткізу көзделген.
Өнімді ішкі нарыққа жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар жоба аясында көкөніс сақтау қоймасын салу қарастырылған. Жобаны 2027 жылдың көктемінде іске қосу жоспарланған. Жоба 3 жылда өзін-өзі ақтайды деп күтілуде.
Бүгінде жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған, жер учаскесіне құқық ресімделген. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылғы 15 қазанда басталды.
Жобамен танысқан Асайын Байханов инвесторлардың оны жүзеге асыруға жауапкершілікпен қарап, жан-жақты жоспарлағанын атап өтті.
- Бизнесте өз мүмкіндіктеріңді шынайы бағалай білу маңызды. Табысты ең төменгі көрсеткіштерге сүйене отырып, консервативті түрде болжау, ал шығындарды қосымша қорымен есептеу қажет. Мұндай тәсіл тәуекелдерді барынша азайтып, жобаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді өңір басшысы.
Жұмыс сапарын қорытындылаған облыс әкімі кәсіпкерлерге ауылдық аумақтарды дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға қосып отырған үлестері үшін алғыс білдірді.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









