Кәсіпкерлер назарына: бақылау-касса машиналарын қолдану талаптары

    Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпкерлерге қолданыстағы салық заңнамасына сәйкес бақылау-касса машиналарын (БКМ) пайдалану тәртібін сақтау қажеттігін ескертеді.

    Заңнама талаптарына сәйкес, кәсіпкерлік қызмет барысында тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету кезінде ақшалай есеп айырысулар жүргізілсе, деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар БКМ қолданылуы тиіс.

    Бақылау-касса машиналарын пайдалану есеп айырысу операцияларын автоматтандыруға, әрбір сатып алушыға фискалдық чек беруге, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және кәсіпкерлік қызметтің ашықтығын қамтамасыз етуге ықпал етеді.

    Сонымен бірге, заңнамада БКМ қолданудан босатылған жекелеген санаттағы тұлғалар көзделген. Олардың қатарында адвокаттар, жеке сот орындаушылары, кәсіби медиаторлар, діни бірлестіктер, екінші деңгейдегі банктер, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, сондай-ақ есеп айырысуларды жүргізуге арналған арнайы мобильді қосымшаны пайдаланушылар бар.

    Бұдан бөлек, телекоммуникациялық байланыс инфрақұрылымы шектеулі елді мекендерде жұмыс істейтін кәсіпкерлер деректерді беру функциясы жоқ бақылау-касса машиналарын қолдана алады. Бұл тұрақты интернет байланысы болмаған жағдайда да кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

    Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпкерлерді салық заңнамасында белгіленген талаптарды мүлтіксіз орындауға шақырады.

    Естеріңізге сала кетейік, фискалдық чектің берілуі – жүргізілген ақшалай есеп айырысудың заңдылығын растайтын маңызды құжат. Бұл өз кезегінде салықтық тәртіпті нығайтуға, ашық кәсіпкерлік ортаны қалыптастыруға және көлеңкелі экономиканың алдын алуға септігін тигізеді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті" жаңалықтары