Астанада өткен Валерий Меладзенің концертіне Қазақстанның әр өңірінен келген тыңдарман жиналды. Концерт басталмас бұрын елордаға өзге қалалардан арнайы келген жұрт алған әсерлері жайлы сыр бөлісті.
Олар елорданың жылдан-жылға жаңарып, көркейіп келе жатқанын, заманауи келбетін және сүйікті әншілерінің концерттерін тамашалау мүмкіндігін ерекше атап өтті.
«Концертке екінші жыл қатарынан келіп отырмын. Бүгін такси жүргізушісіне жыл сайын келетінімді, бірақ әр келген сайын мүлде басқа қалаға келгендей әсерде қалатынымды айттым. Бәрі өте әдемі, заманауи. Маған ұнайды», – деді Атырау қаласынан келген Ақмарал Такишева.
Кейбір көрермен үшін сүйікті әншілерінің Астанадағы концертіне арнайы келу дәстүрге айналған.
«Мен Өскеменнен Меладзенің концертіне арнайы келдім. Бұған дейін де оның концертіне барғанмын, қатты ұнады. Ол – сүйікті әншілерімнің бірі.
Осы жолы Астананы да аралап, қаланы көріп кетуді жөн санадым. Елордамыз ерекше құлпырған. Қазақстанға әлемдік жұлдыздардың келіп жатқаны қуантады.
Дженнифер Лопестің концертіне де барғанмын. Мүмкіндік болса, осындай концерттердің барлығына келуге тырысамын», – деді Өскеменнен келген Замзагүл Әкениева күлімсіреп.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









