Мұнайлыда азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде

    Мұнайлыда азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде

    Мұнайлы ауданында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу, тұрғындардың құқықтарын қорғау және қоршаған ортаны сақтау бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Мұнайлы ауданының прокуроры Бауыржан Бердібеков айтты.

    Спикердің айтуынша, ауданда профилактикалық жұмыстар «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында, «Айқын нәтиже» және «Заңды құрметтейтін ұрпақ» жобалары негізінде жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Атамекен ауылдық округіндегі №12 мектепте жасанды интеллект технологияларына негізделген бейнебақылау жүйесі толық іске қосылған. Ол мектептегі төбелес, агрессивті мінез-құлық және буллинг белгілерін дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

    -Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу – прокуратура жұмысының басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта ауданда профилактикалық іс-шаралар тұрақты өткізіліп, тұрғындар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде биылғы он айда қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 3,6 пайызға төмендеді, - деді Бауыржан Бердібеков.

    Сонымен қатар ауданда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Қоғамдық орындарда және көліктерде профилактикалық материалдар көрсетіліп, заң талаптарын бұзудың алдын алуға бағытталған шаралар ұйымдастырылуда.

    Сондай-ақ, азаматтардың әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау бағытында жүргізілген тексерулердің нәтижесінде әлеуметтік көмек алмаған тұрғындарға тиісті төлемдер жасалып, мектептерде еңбек еткен қызметкерлердің уақытылы төленбеген өтемақылары толық өтелген. Жалпы жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 41 мың адамның құқығы қорғалған.

    Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және инвестициялық жобаларды қолдау бағытында да бірқатар мәселе шешімін тапқан. Прокуратураның араласуымен үш инвестордың мәселесі оң шешіліп, бірқатар кәсіпкердің құқығы қорғалған.

    Балалар мен жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Прокурор тәрбиесі» және «Заңды құрметтейтін ұрпақ» жобалары іске асырылуда. Мектеп оқушыларына құқықтық тақырыптарда дәрістер өткізіліп, «Құқықтық мәдениет» пәні енгізілген. Бұдан бөлек, буллингтің алдын алу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында мектеп басшыларымен тұрақты кездесулер өткізіліп келеді.

    Сондай-ақ Бауыржан Бердібеков «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында атқарылған жұмыстарды баяндады. Аудан прокуратурасының бастамасымен құрылған жұмыс тобы елді мекендердегі рұқсат етілмеген қоқыс орындарын анықтап, тазарту жұмыстарын ұйымдастырған. Нәтижесінде 57 орын тазартылып, 870 тонна тұрмыстық және құрылыс қалдықтары шығарылды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Мұнайлы ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары