ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросында аумақтық бөлімшелер басшыларының қатысуымен кезекті алқа отырысы өтті. Отырысқа Бюро басшысы Мақсат Тұрлыбаев төрағалық етті.
Жиында ұлттық статистика жүйесін дамыту, деректер сапасын арттыру, интервьюерлермен жұмысты жетілдіру және цифрлық шешімдерді енгізу бағытындағы негізгі міндеттер талқыланды.
Отырысты ашқан Мақсат Тұрлыбаев статистиканы жаңғырту барлық бөлімшелердің үйлесімді жұмысын, бастамашылдығы мен ортақ нәтижеге деген жауапкершілігін талап ететінін атап өтті.
«Біздің ортақ мақсатымыз – мемлекеттің, бизнестің және қоғамның қажеттіліктеріне жауап беретін сапалы, шынайы әрі сұранысқа ие ресми статистиканы қамтамасыз ету», – деп атап өтті Бюро басшысы.
Жиынның негізгі тақырыптарының бірі интервьюерлермен жұмысты трансформациялау болды. Стратегиялық жоспарлау және әдіснамалық үйлестіру департаментінің директоры Никита Бурмистров осы бағытты жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын таныстырды.
Талқылау қорытындысы бойынша «Интервьюерлермен жұмысты трансформациялау» жобасын әзірлеу, оның негізгі бағыттарын, іске асыру кезеңдері мен күтілетін нәтижелерін айқындау тапсырылды. Осы мақсатта орталық аппарат пен аумақтық бөлімшелер қызметкерлерінің қатысуымен алты жұмыс тобын құру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ статистикалық деректерді жинауға қатысатын интервьюерлерді есепке алуға және олардың қызметін бақылауға мүмкіндік беретін «Интервьюерлер тізілімі» модулінің жұмысы қаралды. Цифрландыру департаментінің директоры Арман Қонашев модульді енгізу нәтижелерін таныстырды.
Аумақтық бөлімшелер басшыларына тізілімді тұрақты түрде жаңартып отыру, ондағы ақпараттың толықтығы мен анықтығын бақылау тапсырылды.
Цифрландырудың тағы бір бағыты «Респондент кабинеті» модулін жаңарту болды. Оның жаңа мүмкіндіктері туралы Статистикалық процестерді цифрландыру басқармасының басшысы Бақытбек Нұрымов баяндады.
Жаңартылған модуль статистикалық есептілікті ұсыну процесін ыңғайлы әрі қарапайым етуге, пайдаланушылар орындайтын әрекеттер санын қысқартуға бағытталған. Алқа отырысының қорытындысы бойынша респонденттерге енгізілген өзгерістер туралы ақпарат беру және 2026 жылдың соңына дейін жүйенің қолданыстағы және жаңартылған нұсқаларының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету тапсырылды.
Жиында жасанды интеллектіні қолдану арқылы «Талдау» ақпараттық-талдамалық жүйесін дамытуға да ерекше назар аударылды. Цифрландыру департаментінің бас сарапшысы Айгерім Аяпбергенова пайдаланушыларға экономиканың түрлі салалары бойынша статистикалық көрсеткіштерді іздеуге, талдауға және визуализациялауға көмектесетін жаңа ЖИ-ассистентті таныстырды.
Жаңа құрал статистикалық ақпаратпен жұмыс істеуді жеңілдетіп, оны пайдаланушылар үшін қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Бөлімшелер басшыларына жаңартылған жүйенің мүмкіндіктері туралы ақпарат тарату және оны кеңінен таныту тапсырылды.
Мақсат Тұрлыбаев отырысты қорытындылап, аумақтық бөлімшелер алдында тұрған негізгі міндеттерді белгіледі. Олардың қатарында статистикалық деректердің сапасын арттыру, цифрлық процестерді дамыту, респонденттермен жұмысты жақсарту, далалық зерттеулерді ұйымдастыру және кадрлық әлеуетті нығайту бар.
Бюро басшысы аумақтағы басшылар тек тапсырмаларды орындаумен шектелмей, жұмыс барысындағы түйткілді тұстарды өз бастамасымен анықтап, оларға уақтылы ден қойып, нақты шешімдер ұсынуы қажет екенін атап өтті.
«Бүгінгі отырыста талқыланған мәселелер хаттамада түрінде ғана қалмауы тиіс. Әрбір мәселе бойынша нақты шаралар, жауапты орындаушылар мен шешу мерзімдері айқындалуы қажет», – деп атап өтті Мақсат Тұрлыбаев.
Жиын соңында ол қатысушыларға атқарған жұмыстары үшін алғыс білдіріп, 8 қарашада атап өтілетін Статистика қызметкерлері күнімен құттықтады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









