ІІМ «Біз қасыңыздамыз. Бізден сұраңыз» республикалық акциясын бастайды

    Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған азаматтарға көмек көрсетуге бағытталған Threads әлеуметтік желісінде «Біз қасыңыздамыз. Бізден сұраңыз» республикалық акциясын бастайды.

    Акция түрлі себептермен полицияға жүгінуге батылы бармай жүрген зорлық-зомбылық құрбандарына, зорлық-зомбылық фактілеріне куә болған адамдарға, сондай-ақ құқықтық кеңес пен қолдауға мұқтаж азаматтарға арналған.

    Акция аясында әрбір азамат ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің Threads әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасына (https://www.threads.com/@akimshilik_policia_komiteti?igshid=NTc4MTIwNjQ2YQ==) өз өтінішін қалдырып, мамандардан кеңес пен қажетті түсіндірмелер ала алады.

    Азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда тиісті ден қою шараларын қабылдау үшін ақпарат аумақтық полиция бөлімшелеріне жедел жолданады.

    Көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылған. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін республика бойынша сенім телефондарының өзекті нөмірлері, дағдарыс орталықтары мен қолдау қызметтерінің байланыс деректері жинақталған арнайы ақпараттық ресурс әзірленді.

    https://zhanyndamyz.netlify.app сілтемесі арқылы әрбір азамат өз өңіріндегі қажетті байланыс деректерін тауып, құқықтық, психологиялық және өзге де көмек пен кеңес алу үшін қайда жүгінуге болатыны туралы ақпарат ала алады.

    Акцияны өткізуге мүдделі мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, дағдарыс орталықтары мен отбасын қолдау орталықтары да тартылады. Олар өз құзыреті шегінде келіп түскен өтініштер бойынша қажетті көмек көрсетуге және көтерілген мәселелерді шешуге жәрдемдеседі.

    Ішкі істер министрлігі азаматтарды зорлық-зомбылық фактілеріне бейжай қарамауға шақырады. Егер өзіңіз немесе жаныңыздағы адамдар көмекке мұқтаж болса, үнсіз қалмаңыз!

    «Біз қасыңыздамыз. Бізден сұраңыз» – бұл жай ғана сөз емес, әрбір азаматтың үнін жеткізуге, кері байланыс орнатуға және нақты көмек алуға мүмкіндік беретін бастама.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті" жаңалықтары