Бүгінгі таңда Қазақстанда мүгедектігі бар 756 мыңнан астам адам тұрады. Оның ішінде 33,3 мың адам кресло-арбамен қозғалады. Олардың 26,9 мыңы – ересектер, ал 6,4 мыңы – балалар.
Сондықтан қолжетімді және кедергісіз орта қалыптастыру мемлекеттік әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Біздің басты мақсатымыз – мүгедектігі бар адамдардың еркін қозғалуына, қоғамдық орындарға баруына, қажетті қызметтерді алуына және қоғам өміріне толыққанды қатысуына жағдай жасау.
2026 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша қолжетімділік картасына 43 мың нысан енгізілген. Оның ішінде 34 мыңнан астам нысан бейімделген. Осылайша, орындалу көрсеткіші 79 пайызды құрайды. Ал 2026 жылға арналған нысаналы көрсеткіш – 80 пайыз.
Бұл бағыттағы жұмыстар еліміздің барлық өңірінде жүргізілуде. Бұл ретте нысандардың қолжетімділігі тек пандустардың болуымен ғана шектелмейді. Кіреберіс топтарының, қозғалыс жолдарының, санитарлық бөлмелердің, ақпараттық навигацияның және қызмет алу жағдайларының қолжетімділігі кешенді түрде бағаланады.
Тұрғын үйлердің қолжетімділігіне де ерекше назар аударылады. Қазіргі уақытта қолжетімділік картасына 1 034 тұрғын үй туралы мәлімет енгізілген. Оның 938-і бейімделген, ал 96-сы ішінара бейімделген.
Сонымен қатар 2026 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа Құрылыс кодексі аясында объектілердің халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қолжетімділік талаптарына сәйкестігі туралы декларацияларды келісу функциясы ресми түрде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне берілді.
Бүгінгі таңда объектілердің сәйкестік декларацияларын келісу бойынша келіп түскен 562 өтінімнің 147-сі келісілді.
Кедергісіз орта дегеніміз - тек пандустар мен арнайы көтергіштер орнату ғана емес. Бұл – мүгедектігі бар адамдардың өз бетінше және қауіпсіз қозғалуына, қажетті қызметтерді алуына, физикалық және ақпараттық кедергілерге тап болмауына жағдай жасау болып табылады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









