Байзақ ауданындағы әл-Фараби атындағы мәдениет үйі жаңаруда

    Байзақ ауданындағы әл-Фараби атындағы мәдениет үйі жаңаруда
    Байзақ ауданында 1976 жылы пайдалануға берілген әл-Фараби атындағы мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ғимаратқа осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын жөндеу жасалғанымен, уақыт өте келе еден жабындары тозып, шатыр мен ішкі инженерлік жүйелер жаңартуды қажет еткен, деп хабарлайды baq-orda.kz облыстық ztgzt.kz газетіне сілтеме жасап.

    Мәдениет үйінің жай-күйі жыл басында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің Байзақ ауданы тұрғындарымен кездесуі барысында көтерілген болатын. Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес, нысанды күрделі жөндеуден өткізу үшін облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Жобаның жалпы құны – 296 миллион теңге.

    Жөндеу жұмыстары тамыз айында басталып, қазіргі таңда қарқынды жүргізілуде. Мәдениет үйінің директоры Қуандық Құрманалидың айтуынша, құрылыс жұмыстарына 50 жұмысшы жұмылдырылған. Қазіргі уақытта ғимараттың ішкі және сыртқы бөліктері жаңартылып, тозығы жеткен құрылымдары қалпына келтірілуде.

    «Күрделі жөндеу аясында ғимараттың жылыту және инженерлік жүйелері ретке келтіріліп, электр желілері жаңартылады. Сонымен қатар едендер, қабырғалар мен шатыр толық жөндеуден өтеді. Сахна мен көрермендер залы да заманауи талаптарға сай жабдықталады», – деді Қуандық Құрманали.

    Жоспарға сәйкес, күрделі жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың желтоқсан айында аяқталуы тиіс. Жаңғыртудан кейін мәдениет үйі шығармашылық ұжымдардың өнер көрсетуіне, мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге және аудан тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға қолайлы заманауи орталыққа айналады.

    Жылдар бойы жөндеуді қажет еткен мәдениет ошағының қайта жаңғыруы Байзақ ауданының мәдени өміріне тың серпін бермек. Бұл – тұрғындар үшін қолайлы жағдай қалыптастырып қана қоймай, өңірдегі рухани құндылықтар мен өнердің дамуына жол ашатын маңызды жобалардың бірі.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Жамбыл облысы Байзақ ауданы Жалғызтөбе ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары